Думанды, мерекелі әрі шаттыққа толы күн. Бүгін қаладағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясы оқушыларының таңы осылай басталды. Наурыз мейрамының басы болып саналатын Көрісу күніне орай есіктен кірген әр жанды құрметпен қарсы алып, езуіне күлкі сыйлап жатыр.
Мұндағы атмосфера ерекше. Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір бірімен құшақтасып амандасады. Бүгін ежелден келе жатқан мерекеміз мектеп қабырғасында ерекше аталып өтіліп жатыр. Тәтті бауырсақтар да таратылуда.
ШЕГЕБАЙ НҰРҒОЖИН, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:
– Таңғы 7-ден бастап ата-аналарды, оқушылар мен ұстаздар қауымын қарсы алдық. Оның негізгі мақсаты – балаларды ұлттық құндылықты сақтауға, сонымен қатар, тәрбиеге, салт-дәстүрді білуге тәрбиелеу. Осылай Амал мерекеміз өтіп жатыр.
Білім ұясының ұжымы бір-бірімен көріскеннен кейін, барлығы спорт залына қарай ығысты. Онда ұл-қыздар асық ойнамақ. Асық үйірмесі аталмыш білім ұясында 2016 жылдан бері бар. Оқушылардың жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері аз емес көрінеді.
ТОМИРИС СЕКСЕНБАЕВА, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқушысы:
– Осы “Бес асық” үйірмесіне 5-ші сыныптан бері қатысамын. Әр жыл сайын қалалық лигалар болады. Оған қыздармен бірге қатысып, облыстық кезеңге өткен болатынбыз.
Оқушылардың мектеп формасына де ерекше мән беріледі екен. Ұл-қыздар әр аптаның соңында қазақи нақыштағы киімдер киеді. Асылында бұл да ұлттық тәрбиені сіңірудің бастауы.
ШЕГЕБАЙ НҰРҒОЖИН, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:
– Біздің мектепте аптаның соңы жұма күні ұстаздардан бастап жұмысшыларға дейін ұлттық киім киіп жүреді. Оның себебі неде? Себебі, ұлттық киім балаларды тәрбиеге, отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелейді. Бұрынғыдай ұзын шапан емес, жастарға сай заманауи түрде тіктірілген. Әр сыныптың өз киімдері бар. Айта кету керек, барлығы ерікті түрде жасалған.
Жалпы, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында мыңнан астам оқушы білім алады. Оларға ұлттық құндылықтарымызды сезінуге барлық жағдай жасалған деуге толық негіз бар.
Ақжүніс Мұқатай