Наурыздың 1-і күні Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес қазір тепсе темір үзер жігіттер тексерістен өтіп жатыр. Жазға дейін созылатын маусымда теріскейден Отан алдындағы борышын өтеуге 480 жігіт алынбақ.
МАРАТ КАРИМОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:
– Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне команда жинау және жіберу жұмысымен айналысып жатырмыз. Наурыздың 8-і күні жігіттердің алғашқы легі әскерге аттанды. Солтүстікқазақстандық 13 азамат Шығыс Қазақстан облысында Отан алдындағы борышын өтейді.
Әскер – өмірлік тәжірибе. Екіншіден, қазір қолына арнайы құжат алған жігіттер мол мүмкіндік иеленеді. Олар: жұмысқа тұру, жоғары оқу орнына түсу және тегін оқу. Сонымен қатар, азаматта несиесі болса, Отан алдындағы борышын өтеу кезінде уақытша тоқтатылады. Алайда, бес саусақ бірдей емес. Қоғамда 1 жылдық жауапты кезеңнен қашатындар баршылық.
МАРАТ КАРИМОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:
– Жігіттер мен олардың ата-аналарына айтарым бар, егер азамат әскерден жалтарса, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алғашқы кезеңде түрлі көлемде айыппұл салынады. Жағдай түзелмесе, Қылмыстық кодекстің 387 бабына сәйкес іс қозғалады. Бұл бап тұлғаны 1 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бейінді департамент мамандары 600-ге жуық жігітті іздеуде. Дәрігерлердің ақпарына да тоқталып кетуіміз қажет. Қазір әскерге шақырылған жастардың арасында көздің нашар көруі, жүрек-қан тамырлары аурулары жиілепті. Бұны мамандар заманауи гаджеттер және энергетикалық сусындармен байланыстырып отыр.
Байболат Құлтанов