Ауыл шаруашылығы

Өңірге көктемгі дала жұмыстарына 53 мың тонна дизель отыны бөлінді

Диқаншылар кеше ғана қамбаны астыққа толтырса, енді міне қысқы демалыстан кейін дала жұмысына қайта кіріспек. Көктем – егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, дала еңбегінің қызатын шағы. Әр шаруашылық техникаларын жөндейді, оған құятын жанар-жағармай қорын қамдайды. “Қызылжар сүт” серіктестігінің 3 мың гектар жері бар.
Көбінесе жемшөп егеді.

ОЛЖАС БЕКТАСОВ, «Қызылжар сүт» ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

– Өткен жылдың соңында 150 тонна арзандатылған дизель отынын алуға өтініш білдірген болатынмын. Мүмкіндігіміз болса өзіміз алып кетеміз немесе жеткізіп береді. Көктемгі дала жұмыстарына сәуірдің бірінен бастап кірісуді жоспарлап отырмыз.

«Эталон Регион» серіктестігі 10 жылдан астам уақыт бойы ауыл шаруашылығы құрылымдарын арзан дизельмен қамтамасыз етіп келеді. Өңірімізге жанар-жағармай Павлодар мен Атырау қалаларынан жеткізіледі. Қазіргі таңда өңірде агроқұрылымдарға арналған 2 мың тонна жанар-жағармай бар. Енді 15 мың тоннасы әкелінуі тиіс. Айта кету қажет, дизель отынының бір литрі 250 теңге тұрады. Бұл нарықтағы бағадан 30 теңгеге арзан.

МӘДЕН ЖҰМАҒҰЛОВ, «Эталон Регион» ЖШС директоры:

– Дизельдің сапасы жақсы. Аудандарда мұнай газы болса, сол жаққа да апарамыз. Бізде 200 шақты ауыл шаруашылығы өкілімен келісім шарт бар. Бізден 2 млрд теңге қаражат бөлінді.

Ал «Avion Nord» серіктестігі көктемгі егіс жұмыстарына 6,5 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отынын беруді жоспарлап отыр.

ДӘУРЕН БАЗЫЛБЕКОВ, «Avion Nord» ЖШС коммерциялық директоры:

– Бізге әзірге мың тоннаға жуық дизель отыны жеткізілді. Біз Gosagro.kz жүйесі арқылы жұмыс істейміз. Жүйе ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен өтініштерді онлайн режимде қабылдауға мүмкіндік береді.

Арзандатылған жанар-жағармайды Gosagro.kz субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы рәсімдеу өте ыңғайлы дейді «Аманжол» шаруа қожалығының жетекшісі Әсем Мақыжанова.

ӘСЕМ МАҚЫЖАНОВА, «Аманжол» ШҚ басшысы, Жамбыл ауданы:

– Өте ыңғайлы жүйе. Өз басым өте ризамын. Өтініш түсірген кезде, ең бастысы, менеджер барлық құжатты уақытында және дұрыс тапсыруы қажет.

Шаруалар мемлекеттен жыл сайын арзандатылған жанар-жағармай түрінде көмек алады. Биыл өңірге көктемгі дала жұмыстарына деп 53 мың тонна дизель отыны бөлінді.

 

Гүлден Сембаева