Бұл – Порфирьев, 65 мекенжайындағы үйдің алды. Баспанада тұратын отбасының қыс бойы жауған қарды тазалауға шама-шарқы жетпейді. Сондықтан, қала белсенділері үй алдындағы қарды күреуге көмектесіп жатыр. Белсенділер қатқан қарды бөлікке бөліп, арнайы жабдықпен, кейбірі өз қолдарымен сыртқа шығаруда.
ГАЛИНА ТЮРИКОВА, қала тұрғыны:
– Күйеуім екеуіміз де мүгедекпіз. Жолдасым онкологиялық дертке шалдыққан. Өз күшімізбен мына қарды тазалай алмаймыз. Аз уақыттан кейін қар ери бастайды. Үйіміз төмен орналасқан әрі ескі. Су кіре ме деп қорқамыз. Сол үшін бізге ерікті топ қол ұшын созып жатыр. Алғысымыз шексіз.
Жайма-шуақ көктем мезгілі келгенімен теріскейде әлі де қыстың ызғары кете қойған жоқ. Молынан жауған ақ ұлпаның да еріп жатқаны шамалы. Қар әлі де тау болып үйіліп жатыр. Бұл өңір еріктілеріне салмақ салып отыр.
ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– Биыл қардың көп түскені өтірік емес. Бұл біздің жұмысымызды да молайтып отыр. Қазір жалғызбасты аналарға, мүгедек жандар мен қорғаушысы жоқ адамдар және көпбалалы отбасыларға көмектесіп жатырмыз. Қоғамдық даму және ақпарат орталығы, қалалық жастар ресурстық орталығы мен фронт-офистің еріктілері қосылып еңбектенудеміз.
Жалпы, облыс бойынша қар тазалау жұмысына 1200 ерікті жұмылдырылған. Облыс бойынша 630 үйдің ауласы ақ ұлпадан тазартылса, қалада 100-ден астам азаматқа көмек қолы созылыпты. Игі бастама теріскейде ұзаққа созылатын қыс мезгілі ұзағанша жалғаса бермек.
Ақжүніс Мұқатай