Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз! Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары іссапармен Петропавлға келді. Мұнда мамандар жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасты. Шараның негізгі бөлігі алдында делегацияға білім ұясының жұмысы мен оқушылардың талайды таңдай қаққызған жобалары таныстырылды. Қонақтар ерекшеліктерге бірден назар аударған. Оларға мектепті басқару ісінде цифрлық ресурстарды пайдалану тәсілдері аса ұнапты.
РАШИД ТӘТТІМБЕКОВ, НЗМ директорының орынбасары, Қостанай қаласы:
– Бізге “Горизонталды жоспарлау” қызық болды. Оны бәріміз іске асырып жатырмыз. Бірақ, бұл мектепте ерекшелік бар екен. Соны өзімізге түртіп алдық.
Өзгешелік бағыттарда да бар. Солардың барлығы қостанайлық қонақтарға кеңінен айтылды. Мамандар қажетті тұстарды болашақта қолданбақ ниетте.
НАЗАРБАЙ ТҰЛЫБАЕВ, НЗМ химия пәні мұғалімі, Қостанай қаласы:
– Бүгіннен бастап өзіміздің бірлестік аясында жұмыстар өткізудеміз. Тиімді әдістер бар. Әсіресе, 10-12 сыныптарды химия пәні бойынша емтиханға дайындау тәсілдерін іс-тәжірибеме алмақпын.
Айта кетейік, петропавлдық мұғалімдер Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қараша айында барған болатын. Арадағы әріптестік әрмен қарай жалғасын табады. Алдағы уақытта қос тараптың және тірек мектеп өкілдерінің қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек. Онда мамандар 7 бағыт бойынша маңызды мәселелерді талқылайды.
Гүлден Сембаева