Мұсылманның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту. Сондықтан, дінімізде оған ерекше мән беріледі. Бұл кезде мұсылмандар таң атқаннан кеш батқанға дейін өзін астан тежеп, теріс қылықтардан бойын аулақ ұстайды. Айлардың сұлтанында ораза ұстаған жан ауызашар мен сәресі уақыттарында денсаулыққа зиянын тигізбейтіндей дұрыс тамақтану тәсілін біле жүрген абзал.
АДАЙ ЖЫЛҚАЙДАРОВ, Қызылжар қалалық мешітінің наиб имамы:
– Алғаш рет ауыз беікітіп жатқан жандар білмей ауыз ашқанда көп немесе ауыр тамақтарды жеп қояды. Оразада аз-аздан, пайдалы тағамдар тұтынған абзал. Ораза өзіңді тән мен рухани жағынан жеңілдету болып саналады. Сондықтан, ас-ауқатқа келгенде ысырапшылдық жасамау керек.
Рамазан айында ораза тұтқан әрбір мұсылман тән мен жан саулығын ойлайды. Ауыз ашқан соң су ішіп, 20 минуттай суды ағзаға сіңіріп, кейін ғана тамақтану қажет. Сұйық ішек жолдарын шәйіп, ағзаны тазартады. Тамақтанғанда бірден майлы, қуырылған емес, оның орнына салат, сұйық тамақ ішкен жөн. Сонда ағзаңызға жүк түспейді.
АДАЙ ЖЫЛҚАЙДАРОВ, Қызылжар қалалық мешітінің наиб имамы:
– Тамақ ішу режиміңіз бен әдісіңізді дұрыстауыңыз керек. Көкөніс пен сорпаны тұтынған дұрыс. Кейбір адамдар таңын кофе ішумен бастайды. Қара шайды қою қылып ішетіндер де бар. Сол адамдар ораза уақытында қиналып қалып жатады. Сәресі кезінде тәтті, ащы тағамдарды ысырып қоя тұру керек.
Ораза ұстау – әр мұсылманның парызы. Десек те, бұл дәстүрдің мәнін түсініп, маңыздылығына тоқтала білген жан ғана ауыз бекіткені абзал. Мейрамбек Сахиев 26 жасынан бері ауыз бекітеді.
МЕЙРАМБЕК САХИЕВ, Қызылжар қалалық мешітінің күзетшісі:
– Ораза ұстап келе жатқаныма 12 жыл болды. Негізі, еш қиындығы жоқ. Өйткені, Алла тағаланың бұйрығы ғой. Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаға жеңілдік беріп қойған. Сәресін сүннетпен амал етеміз. Ішу керек, онда береке бар дейді. Оның тәртіптері да бар. Қатты тоймай ішу керек деген сияқты.
Жалпы, ораза уақытынан бөлек тамақты өз мөлшерімен, мезгілімен қабылдау адамның өзіне де, денсаулығына да пайдасы мол.
Ақжүніс Мұқатай