Құқық қорғау органдары

СҚО-да қылмыс азайды

Облыста қылмыс саны 23 пайызға азайды. Бұған тұрақты түрде жүргізіліп тұратын профилактикалық жұмыс сеп болды дейді мамандар. Ойын-сауық орындарында жиі рейд өткізудің нәтижесінде көшеде болатын
қылмыс 14%-ға кеміген. Криминогендік ахуалға қатысты бұдан да басқа оң көрсеткіштер тіркелген.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, қалалық ПБ бастығы:

– Бопсалау-25%-ға, басқа біреудің мүлкін ұрлау – 304 фактіге немесе 1006-дан 702-ге дейін, оның ішінде пәтер ұрлығы 29,5%- ға, бұл 190-дан 134-ке дейін, автокөлік ұрлығы 56,3%-ға төмендеді.

Бір әттегені, қоғамда алаяқтық азаймай тұр. 18 мыңнан астам жаднама таратылып, 100-ден аса дәрістік іс-шара ұйымдастырылса да интернеттегі қулардың құрығына түсетін аңғал адамдар көп. Дегенмен, айтылған ақпарды жадына түйгендер де баршылық. Былтыр 800-ден астам адам алаяқтың алдап жатқанын түсініп қалып, опық жеген жоқ. Полиция департаменті бастығының тұрғындармен кездесуінде 20-шы ықшам ауданының азаматтары аумақта бейнекамера қою қажеттігін айтты. Өйткені, есірткі сатылатын сайттардың сілтемесін жазатындар көбейген. Тіпті жанына барып ескерту айтқанның өзінде міз бақпайды деп отыр тұрғындар. Жиында көтерілген мәселелер жіті назарға алынды.

 

Ақжүніс Мұқатай