Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледжде болашақ маман иелерінің сайысы өтті. Студенттердің арасында емес, жоғары сынып оқушылары арасында. Мақсат – жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқуға түсуге тарту. Барлығы – 8 номинация. Бағдарламашы, дизайнер, есепші, маркетолог, электроника маманы, құрылысшы, туризм өкілі және автомеханик. Кім келешекте қандай кәсіп иесі атанғысы келеді, сол бағытта білімін көрсетуде – жазбаша түрде, яғни әзірге тест орындап жатыр. Кейін байқаудың тәжірибелік бөлігіне ауысады. Шерхан Байкен болашақта құрылысшы болғысы келеді. Арманы – білікті маман атанып, елде зәулім әрі сапалы ғимарат тұрғызуға үлес қосу.
ШЕРХАН БАЙКЕН, байқауға қатысушы:
– Мен кішкентай кезімнен құрылысшы болғым келді. Жаңа ғимараттарды салуға кішкентай кезімнен бері қызығамын. Әкем құрылысшы болған соң, өзім де құрылысшы атанғым келеді. Басты арманым – ғасырдан ғасырға қалатындай мықты ғимараттар салу.
Аспандияр Ташетовты автомеханика саласы қызықтырады. Қазірдің өзінде көліктің қай жері сыр бергенін топшылап айта алады.
АСПАНДИЯР ТАШЕТОВ, байқауға қатысушы:
– Автомеханик мамандығының болашағы зор. Автомеханик мамандығы машинаның ішінде не сынды, нені жөндеу керек екендігін білу және машинаны жүргізуге үйретеді.
Байқауға қатысушылардың саны 150-ге жуықтайды. Аз емес. Соның көбі құрылыс, бағдарламалау және туризм бағытын таңдап отыр. Осыдан қазіргі жастардың кәсіп таңдаудағы қызығушылығын аңғаруға болады.
СӘУЛЕШ ШЕРЬЯЗДАНОВА, Гуманитарлық-техникалық колледжінің әдіскері:
– Теориялық тапсырма және практикалық тапсырмалар болады. Теорияда өзінің мамандығы туралы айтып береді. Оларға 4-ші курс студенттері көмектеседі. Екінші тапсырма – практикалық. Өзінің айтқанын, компьютерде тапсырмаларды орындап көрсетеді.
Әр номинация бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлерге колледж гранты тағайындалады. Айта кетейік, қазір аталған білім ордасында 18 мамандық бойынша 800-ге жуық студент білім алып жатыр.
Мәдина Қаби