Жаны жайсаң, жүрегі жомарт қалалық белсенділер көпбалалы отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Назар аударылған жанның бірі – Қарагөз Бағданова. Уәлиханов көшесінде тұратын нәзікжандыға еріктілер бірсыпыра тауар әкелді. Ет те бар, тәтті де бар. Азаматша – 5 баланың анасы. Отбасы баспананы 4 жылдан бері жалдап тұрады.
ҚАРАГӨЗ БАҒДАНОВА, қала тұрғыны:
– Үлкен балам 31-де, ал кенжем 17-ге толды. Өзім 2 жерде жұмыс істеймін. Үйге айына 30 мың теңге төлеп отырамын. Басқа баспанаға көшкіміз келеді, алайды, баға күйіп тұр. Еріктілерге алғысым шексіз. Бастапқыда мына үй қаңырап бос тұрған еді. Солардың бастамасымен іші жиһазға толды.
Қарагөз Бағданова қалалық әкімдікте еден жуушы болып жұмыс істейді. Сол жерде Жастар ресурстық орталығына жүгінген екен. Сауапты іспен айналысатын қыз-жігіттер жиһаздан бөлек, бұған дейін отын мен көмір де апарып берген екен. Жалпы, жаны жайсаң жастар бір күнде 5 отбасыға азық-түлік жеткізді.
ДАМИР АБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Біздің қалада 2 қор бар. Тұрғындар мұқтаж жандарға деген дүниелерін сол жерге апара алады. Инстаграмда “Помощь рядом” деген парақша ашқанбыз. Сол жерге көмекке жүгінген адамдарды жариялаймыз. Жомарт жерлестеріміз баршылық, үнемі хабарласып тұрады. Ескерер жайт, біз көмекті ақшалай қабылдамаймыз. Тек тауар және азық-түлік ретінде аламыз.
“Қайырымдылық істер” марафоны ақпанның соңына дейін жалғасады. Қала белсенділері жыл басынан бері 80-ге жуық отбасыға қол ұшын созған.
Гүлден Сембаева