Қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бағдарламалау бойынша “NisCodeOlympiad” олимпиадасы ұйымдастырылды. Осымен 2-ші жыл қатарынан өткізіліп отырған жарысқа биыл облыстың түкпір-түкпірінен 140-тан астам оқушы қатысқан. 7-11 сыныпта оқитын дарынды ұл-қыздар бақ сынасты.
ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:
– Бұл шараның мақсаты – облысымыздағы бағдарламалау, ІТ саласына оқушыларды тарту. Алда бұл олимпиадаға қатысушылардың саны тіптен артады деген сенімдемін.
Бірінші кезең – онлайн іріктеу турында әр қатысушыға бағдарламалауда өзінің нақты қабілеттерін байқауға мүмкіндік берілді. Ал екіншісінде компьютер арқылы түрлі тапсырма орындап, мәселелердің шешімін іздеді. Балаларға күрделілігі әр түрлі 5 тапсырма ұсынылды.
ДАРЫН БЕКБОЛАТОВ, оқушы:
– Бағдарламалаумен 2 жыл айналысып келемін. Маған аздап қиындау болды. Олимпиадада интеллект туралы сұрақтар келді. Алдағы уақытта осы бағыттағы білімімді арттырғым келеді.
Олимпиада қорытындысы бойынша барлық қатысушы сертификаттармен марапатталды. Ал жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ақжүніс Мұқатай