Петропавлда асық ату мен бес асықтан облыстық ашық чемпионат өтті. Аудандардан – алтау, қаланың өзінен 5 команда қатысып отыр. Жалпы қатысушылар саны 100-ден асады. Әминә Сәлінжуар 20-шы мектептің намысын қорғап келіп отыр. Бес асықпен айналысқанына 2 жылға жуықтайды.
ӘМИНӘ СӘЛІНЖУАР, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– Біріншісі, ол – бірлік. Онда біз лақтырамыз және әрқайсысын бір-бірден аламыз. 1,2,3-ші кезеңде біз бір, екі және үш асықтан тастаймыз. Ал төртіншіде лақтырамыз, барлық асықтарды қағып алуымыз керек.
Қыздар бес асық ойнап, мықтыны анықтаса, ұлдар асық атудан жарысты. Олар ортада тізіліп тұрған асықтарды шамамен 20 қадам жерден көздеп атады. Қатарынан 8 асықты атып алған ойыншы ойынның жеңімпазы атанады. Бәйтерек ауылынан келіп отырған Ерсұлтан Серік жеңістен үмітті.
Асық ойнауды ауладағы достарынан үйренген.
ЕРСҰЛТАН СЕРІК, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
– Егер алақаныңды ашсаң, саған ескерту береді. Себебі, ойнағанда алақан ашуға болмайды. Егер де 3 рет ашсаң, ойыннан шығарып жібереді. Бұл жерде негізі 8 асық шығарсаң, ұттың деген сөз. Топқа бес ұпай береді. Бір асықтан қосып береді екі адамға. Екі команда да есепті теңестірсе, тағы асық беріп, лақтыртады. Кімдікі бірінші тік тұрады – сол жеңімпаз атанады.
Жарыстың төрешісі Ербол Оспанов өңірде асық ойыны жақсы дамып келе жатыр дейді. Жастардың тарапынан оған деген қызығушылық көп.
Әсіресе, бес асықтан қыздар жағы мықты екен.
ЕРБОЛ ОСПАНОВ, төреші:
– Балалардың жас ерекшеліктері – 2008-ден басталып 2013-ке дейінгілер. Жарыс дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Асық ату спорты халықаралық деңгейде болсын, біздің өлкемізде болсын жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Біздің өңірімізде бес асықтан қыздарымыз мықты. Теріскейден бірнеше спорт шебері де шыққан.
Жарыстың жеңімпазы наурызда Ақтау қаласында өтетін ел чемпионатына қатысады.
Мәдина Қаби