ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:
– Қызылжар ауданы Якорь ауылдық округінде әкім сайлауы өтіп жатыр. Мұнда 318-ші сайлау учаскесі орналасқан. 1400-ден аса адам дауыс беруі тиіс. Сағат 11-дегі мәлімет бойынша тұрғындардың 30 пайызы ғана өз таңдауларын жасаған.
Ал учаскеге келіп, дауыс бере алмайтын адамдарға арнайы урна ұйымдастырылған. Оларға комиссия мүшелері түскі 12 кезінде шығады.
МАСИС ГРИГОРЯН , №318 сайлау учаскесінің төрағасы:
– Бізде мүмкіндігі шектеулі 49 адам бар. Олар өздері келіп дауыс береді. Үйінен шыға алмайтын 41 адам өтініш тастады. Бірінші рет дауыс беретіндердің саны – 18. Сайлау процесі ойдағыдай өтіп жатыр. Ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ.
Ауыл халқы қаладан кем өмір сүріп жатқан жоқпыз дейді. Әр үйге су тартылған, көшелері оңдалған, шамдары орнатылған. Мейрам Кожуковтың Якорьда тұрып жатқанына 20 жылдан асыпты. Жұбайы екеуі сайлаудан қалыс қалмайды. Өйткені, ауылдағы мәселенің шешім табуы сайланатын әкімге байланысты.
МЕЙРАМ КОЖУКОВ, Якорь ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Қаңғыбас иттен құтылсақ деп едік. Себебі, кішкентай балаларды қауып ала ма деп қорқасың.
Ауылдық округке 4 елді мекен қарайды. Округ әкімі атануға – 3 адам кандидат. Сайлау науқаны кешкі 8-ге дейін жалғасты. Тұрғындардың 84 пайызы бұған дейін округ әкімі ретінде 4 жыл қызмет атқарған Валерий Тихийге дауыс берді.
Гүлден Сембаева