Жер сілкінісінде не істеу қажет? Солтүстікқазақстандық құтқарушылар Петропавлда оқу-жаттығу шарасын өткізді. Неге? Бізде жер сілкінісі болмайды, бірақ теріскейлік тұрғындар Алматыға жиі барады: жұмысымен барады, қыдырып барады. Қайда жүрсең де “Сақтансаң, сақтармын” қағидасын ұстанған жөн болар. Оқу-жаттығу шарасы Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектепте өтті. Мұнда әуелі дабыл қағылып, барлығы сыртқа шығарылды.
ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының офицері:
– Жер сілкінісі ақырын болған сәтте бірден қауіпсіз аймаққа бару керек. Олар – электр желілері, газ құбырлары немесе жоғары қабатты үйлердің маңайынан алыс жер. Жер сілкінісі қатты болған жағдайда қауіпсіз аймақтарға тығылу қажет. Олар: есіктің жаны, қабырғалардың бұрыштары және үлкен шкафтардың маңайынан аулақ болу қажет. Олар жер сілкінісі уақытында құлап, адамды жарақаттауы мүмкін.
Мектепте болашақ педагогтар өндірістік тәжірибеден өтіп жүр екен. Бүгін олар да қауіпсіздік шараларына қанық болды. Дабыл сөмкесінің ішіне үңілді, мамандарға сұрақтарын қойды.
СӘБИНА ЖАСҰЛАНОВА, М.Қозыбаев университетінің студенті:
– Яғни осындай орын жайт алған жағдайда өзімізді сабырлықта ұсту керектігі, қай жерлерде өзімізді сақтандыруға болатыны жайында түсіндірілді.
Құтқарушылар осындай шарамен өзге мектептерді де қамтиды. Жер сілкінісіне қатысты оқу-жаттығулары өңірде ғана емес, бүкіл Қазақстан көлемінде өтіп жатыр.
Мәдина Қаби