Өңірге Астанадағы Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өкілдері келді. Елордалық сарапшылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және өзге де сала мамандары үшін семинар өткізді. Жиында біраз жаңашылдық айтылды. Соның бірі – ведомстволық сараптама порталының іске қосылуы. Енді тұтынушылар құжатты қолма-қол емес, электронды түрде жібере алады.
ЕЛДАР ӘБЕНОВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы, Астана қаласы:
– Орталықтың сапа сараптамасы бойынша қызметі 2 құрылымнан құралады. Біріншіден, ол – инженердік бөлім. Олар жол құрылысы барысында арнайы автокөліктермен нысандарға тікелей шығып, ондағы құрылыс жұмыстарының сапасын анықтайды. Екіншіден, сол алынған сынамалар біздің зертханаларымызға тапсырылады.
Жол саласында зерттеу жүргізетін зертханалардың жабдықталуы қызу қарқынмен жүріп жатыр. Жалпы, материалдық-техникалық база 4 жыл ішінде жаңа 700-ден астам заманауи құрылғымен қамтылған. Бұл жыл сайын 200-ден астам сынама зерттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, бұрын аймақтық зертханалардың мамандары республикалық жолдардың ғана сапасын тексерсе, қазір қалалар мен өзге елді мекендердің аралығын қамти алады.
ЕЛДАР ӘБЕНОВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы, Астана қаласы:
– Өткен жылы жол жөндеу объектілерінде 40 мыңнан астам жол-құрылыс материалдарының сынамасы алынып, оның ішінде 12 мыңға жуығы сәйкес емес деп танылды.
Елдар Әбенов айтып отырған сәйкессіздіктердің 85 пайызы жергілікті автомобиль жолдарынан анықталады екен. Жиі кездесетін олқылықтар – тиісті технологияның сақталмауы, ұлттық стандартқа сай келмейтін құрылыс материалын пайдалану және жобадан ауытқу болып табылады.
ЕЛДАР ӘБЕНОВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы, Астана қаласы:
– “ҚазАВТОЖОЛ” және жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыс шеңберінде мердігер компаниялар өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 4 млрд теңгеге жұмыстарды қайта жасады. Сапасыз жұмыстарға жол берген техникалық қадағалау және мердігер компанияларға 60 млн теңгеден астам айыппұл түріндегі әкімшілік жазалар қолданылып, 8 техникалық инженердің атестаттары тоқтатылды.
Ғ.Мүсірепов ауданында биыл 32 км жолға жөндеу жүргізілмек. Өткен жылы жолдардан 17 сынама алыныпты.
МАНАРБЕК ШАМЕНОВ, Ғ.Мүсірепов ауданы сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Семинардың бір жақсы жағы – көп нәрсені білуге болады. Өткен жылы аудан бойынша 26 км жолға жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл 32 км-ге жөндеу жүргізілмек. Шарттармыз бар. Мердігерлеріміз өзіміздікі.
Елімізде жол сапасын тексеретін акредиттелген 16 зерхана бар. Соның біреуі Петропавлда орналасқан.
Гүлден Сембаева