Петропавлда Ұлттық ұланның ХХІІ спартакиадасы аясында қазақ күресінен жарыс бастау алды. Оған республиканың 6 әскери бөлімінде қызмет ететін мамандар мен сарбаздар қатысуда.
ЕРКЕБҰЛАН ТҮСІПБЕКОВ, ҚР ҰҰ 5451 әскери бөлімінің сержанты, Қарағанды қаласы:
– «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 7 командасы қатысады. Мықты спортшылар жиналып отыр.
Қазақ күресі дәстүрлі спартакиада бағдарламасына биыл ғана қосылды. Жарыста бірнеше салмақ дәрежесіндегі жігіттер күш сынасады. Ішінде теріскейдің туын жықпайтындар бар.
ДОСМҰХАММЕД ТҰРАН, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері, Петропавл қаласы:
– Самбо және дзюдомен айналыстым. Бұған дейін самбодан жарыс өтті. Онда екінші орын иелендім.
Тепсе темір үзетін жігіттер бозкілемде шеберліктерін көрсетті. Олар додада бір-бірімен қарсылас болғанымен, өмірде – әріптес, жолдас. Сый-құрметті әрдайым танытып тұрады.
ҚЫЛЫШ ЕРЕНҚАЙЫПОВ, ҚР ҰҰ 6505 әскери бөлімінің жауынгері, Қарағанды қаласы:
– Іріктеу жоғары деңгейде өтіп отыр. Жігіттердің барлығына сәттілік, жеңіс тілеймін!
Қазақ күресінен жарыс 2 күнге созылады. Жеңімпаздар 16 ақпан күні марапатталады. Айта кетейік, чемпиондар Ұлттық ұланның біріншілігіне қатысады. Дода наурыздың ортасында Өскемен қаласында өтеді.
Байболат Құлтанов