ТЖ

Жұмысшы кентінде өрттен 66 жастағы әйел адам қаза тапты

2024 жылдың бір айы да өтіп үлгерген жоқ. Ал аққайыңдар өлкесінде 38 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3 адам ажал құшып, 4 адам
әртүрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Соңғы қайғылы жағдай бүгін Петропавлдың Жұмысшы кентінде болды. Мұнда 57-ші жылы туған нәзікжанды көз жұмды. Өрттің себебі-сымдардың қысқа тұйықталуы. Бейінді сала мамандардың айтуынша, жалпы биыл тілсіз жаудың 71% жер үйлерде туындаған.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

– Қызыл жалын бас көтермесі үшін қауіпсіздік шараларын ұстану қажет. Электр құрал-жабдықтарды, пешті қараусыз қалдырмауды қатаң түрде ескертеміз. Бұл жайлы біз талай мәрте айттық, әлі де айтып жатырмыз. Алайда, тұрғындардың бәрі бірдей құлақ асар емес. Бізді осы жайт қатты қынжылтады. Сонымен қатар, кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Осыны жерлестеріміз ұғып алса екен.

Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифинг барысында Жамбыл ауданы жайлы толығырақ айтылды. Жыл басынан бері ауданда 4 өрт оқиғасы болған. Мамандар себептерін анықтап үлгеріпті. Электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен пешті дұрыс қолданбау тілсіз жаудың бас көтеруіне алып келген.

СЕЙІЛБЕК СМАЙЫЛОВ, Жамбыл аудандық ТЖБ бастығы:

– Қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын секторларында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Аудан әкімінің қолдауымен Газель көлігі бөлініп отыр. Сол көлікпен ауылдарды аралап, жұмыстарымызды жүргіземіз.

Сөз соңында облыстық ақпармен бөлісейік. Жыл басынан бері сала мамандары 8 785 тұрғын үйге барып, тексеріс және түсіндіру жұмысын жүргізген. Өңір тұрғындарымен кездесулерде 21 мыңнан астам жаднама да таратылған екен.

 

Мәдина Қаби