Петропавлда кезекті мәрте «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасы бастау алды. Мұнда ағымдағы жылы жоғары оқу орны мен колледж тәмамдайтын ұл-қыздар білім алады. Яғни, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгереді. Оқытудың алғашқы күні эссе жазу арқылы сайдың тасындай іріктелген жастар аға буынмен қауышты.
АСҚАР БАЙМҰҚАНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Қазіргі уақытта мектепте 30 студент білім алуда. Биыл бізге 50-ден астам өтінім түскен еді. Іріктеу жүргіздік. Студенттер мамыр айына дейін оқиды. Содан кейін тәжірибеге барады.
Жоба жайлы толығырақ баяндайық. Мектеп қабырғасында жастар күн сайын дәріс тыңдайды, тренингтерге қатысады. Мамандар әзірлеген жұмыстар психологияға, ұжыммен еңбек етуге, ораторлық өнерге және күйзеліске шыдас беруге негізделген. Оқыту аяқталғасын ұл-қыздар
мемлекеттік органдарға өндірістік тәжірибеге жіберіледі. Сол жерде өздерін жақсы қырынан көрсетсе, қызметке алынады. Яғни, мектеп – болашаққа дайындық орын. Жоба басталмас бұрын департамент өкілдері білім ордаларында таныстыру жұмысын жүргізіпті.
АЙША МҰХАММАДАМИНОВА, «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасына қатысушы:
– Оқуға қатысуға бірден келісім бердім. Болашақта бізге сертификат беріледі. Сол арқылы жұмысқа оңай кіре аламыз.
Айта кетейік, департамент жанындағы жас мемлекеттік қызметші мектебі осыдан 9 жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде 200-ден астам жерлесіміз білім алыпты. Қазір түлектердің 60 пайызы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.
Байболат Құлтанов