Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-ші сыныпқа құжат қабылдау науқаны бастау алды. Комиссия ақпанның 10-ына дейін жұмыс істейді. Бүгінге дейін 200-ден астам өтініш келіп түскен. Құжаттарды тапсыру үшін міндетті түрде мектепке келу қажет. Білім ордасында оқимын деген оқушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Бескөл ауылының тұрғыны Райхон Абдурахманова баласы Байдәулет Бекмұратпен келіп отыр. 6-шы сынып оқушысы мектепте озат, алғыр балалардың қатарынан екен.
РАЙХОН АБДУРАХМАНОВА:
– Балам 5-ке оқығаннан кейін мұғалімдер өздері ұсыныс тастады. Баламда қобалжу жоқ, уайымдап жүрген – мен. Түсе ала ма екен деген ой мазалайды, бірақ балама сенемін. Оны әрқашан да қолдаймын. Өзі ниет білдіріп жүрген оқимын деп.
Білім ұясына құжат тапсыруға келген оқушының бірі – Қарақат Әміре. Ол Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге ниетті. Жеткіншек №17 ұлттық өркендеу орта мектеп кешенінде білім алады.
ҚАРАҚАТ ӘМІРЕ:
– Мұнда жоғары деңгейде білім алуға болады. Осында оқитын оқушыларда өте білімді деп естідім. Түрлі үйірмелерге қатысуға болады. Өзім 4 пен 5-ке оқимын. Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсіп кетсем жақсы болатын еді. Таныстарым да осы мектепте білім алады.
Биыл өңірге 120 грант беріліп отыр. Жыл сайын мектепке түсуге 400-ден аса ұл-қыз ниет білдіреді. Олар алдымен құжаттарын жинап, кейін сынақ тапсырады. Құжат саны көп емес.
ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:
– 6-шы сынып оқушысының жарты жылдық табелінің көшірмесі директордың қолы қойылған болуы қажет. Ал ата-анасы келген кезде өзінің жеке куәлік көшірмесі, баласының туу туралы көшірмесін ала келу қажет. Анықтамалардың барлығы осы жерде толтырылады.
Бақ шаба ма, бап шаба ма. Ұл-қыздар наурыз айында 5 пәннен сынақ тапсырады. Олар: 3 тіл мен математика және жаратылыстану пәндері. Оқушылардың нәтижесі 40 күннен кейін Назарбаев Зияткерлік мектебінің сайтында жарияланады.
ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:
– Математиканың ішінде сандық сипаттама деген бар. Ол жерде амалдар мен логикалық сұрақтар бар. Математикадан 35 пайыздан жоғары алу қажет. Ал сандық сипаттамадан 40 пайыздан жоғары борлу керек. Тестерде берілетін сұрақтардың барлығы жалпы білім беретін мектептерде бағдарламадан алынады. Яғни сырттан ешқандай сұрақ қосылмайды.
Мұнда ауылдан келген оқушылар мектеп-интернатында тұрады. Грантқа лекпеген балаға отбасының мүмкіндігі жетіп жатса мектепте ақылы оқуына да болады. Бір жылдың құны – шамамен 3 млн теңге.
Гүлден Сембаева