Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Арман” орталығының ұл-қыздары үшін жаңа қызығушылық пайда болды. Қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының мұрындығымен бочча үйірмесі ашылып отыр. Басты мақсат – әртүрлі синдромдарға шалдықан балалардың мүмкіндігін арттыру.
РУСЛАН ДАЛАБАЕВ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының жаттықтырушысы:
– Бүгін параолимпиадалық бочча ойынына арналған секцияның тұсауын кесіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – баланы спортқа қызықтыру арқылы ортаға бейімдеу, белсенді қимыл қозғалысын арттыру. Боччамен айналысқан баланың бұлшық еттері жақсы дамиды. Бұл спорт түрі елімізде енді қарқын алып келе жатыр. Ауқымды жарыстар да ұйымдастырылады.
Бочча – ерік пен жігердің ойыны. Дәлдікті қажет етеді. Өзі боулинг немесе қазақтың ұлттық асық ату ойынына ұқсас. Топпен ойналады. Бұлшық ет, икемділікпен бірге логикаға да оң әсерін тигізеді. Ойынның ережесі мен қағидаларын жаттықтырушылар бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Балаларды ортаға шығарып, қолдарына арнайы допты беріп ойнатып та көрді.
СЫМБАТ ДУЙШАНБЕ, “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі:
– Мен осы орталыққа кішкентай кезімнен бері келемін. Барлығы – менің достарым. Қазір бізге қызықты ойын түрін көрсетіп жатыр. Командалық ойын екен. Өте қызықты. Өзіме ұнап жатыр.
“Арман” орталығында тірек-қимыл жүйесі зақымданған 20-ға жуық мүгедек бала бар. Бүгін олар спортқа ғана емес, өмірге де құштар екендіктерін көрсете білді. Ойынның қызығына кіріп, ережелерін бірден ойларына тоқып алды.
Ақжүніс Мұқатай