Аулада ер адамды ұрып-соққан петропавлдық 2 жарым жылын темір торда өткізеді. Қаңтар айының басында орда бұзар жастан енді асқан тәртіпсіз теріскейлікке сот үкімі шықты. Ол өткен жылдың қарашасында Назарбаев көшесі, 138 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің ауласында 45 жастағы тұрғынға жұдырық ала жүгірген. Полицейлер күдіктіні анықтап, ізін суытпай ұстады. Істі тергеу барысын департамент бастығы Айдын Қабдұлдинов өз бақылауына алды. Тағайындалған сараптамалар денсаулыққа орташа зиян келтірілгенін көрсетті. Барлық мән-жайды жан-жақты және объективті қарап шыққан қалалық тергеушілер материалдарды Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша сотқа жіберді. Сот 2 жыл 6 ай мерзімге жаза кесті.
Байболат Құлтанов