Спорт

Явленкада шайбалы хоккейден СҚО кубогының 2-туры өтті

Өткен сенбі күні Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында әуесқой хоккей командаларының арасында облыс кубогының 2-ші туры өтті. Биыл дәстүрлі жарыста Есіл, Аққайың, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандары мен қалалық “Динамо” сынды командалар сынға түсті.
Әне-міне дегенше, кім мықтыдан кіл мықты анықталатын уақыт та келіп жетті. Мұз айдынына алғашқылардың бірі болып петропавлдық пен есілдік топ шықты. Қос команда да осал емес. Екеуі де ойынның басынан бастап қанша тырысқандарымен бір-бірінің қақпаларынан саңылау таба алмады. Дегенмен, бұл сақтылық ойынның алғашқы 10-шы минутына дейін ғана созылды. Бірінші болып есепті петропавлдық хоккейшілер ашты.

АЛЕКСАНДР НИКИТЕНКО, Петропавл қаласы құрамасының капитаны:

– Бұл ойынның өтерін білген біз қыркүйектен бастап дайындалдық. Қарсыластарымыз – Есіл құрамасын осал демес едім.Еңбек зая кетпес, жеңістен үміттіміз.

СЕРГЕЙ ХАРИТОНОВ, Есіл ауданы құрамасының ойыншысы:

– Негізі, ойынды жақсы қарқынмен бастадық. Әзірге, есеп 1:0. Осы қарқынмен жалғастыра берсек қарсыластарымызды басып озуға мүмкіндік бар.

Екінші кезең шабуылға толы болды. Петропавлдық топ белсенділік танытып ұпай санын еселей берді. Көк жейдедегі есілдіктер де намысқа тырысып жатыр. Қолдап келген хоккейсүйер жанкүйерлер де баршылық. Дені жергілікті құрамаға жақтасуда.

– Міне, қазір 1-ші партия жүріп жатыр. Осыдан кейін басқа командалар шығады. Бәрі жақсы.
– Өзіміздің ауданның тобына жанкүйерміз. Екіншісі қалалық қой. Бізге өзіміздің аудан артық.
– Ойын тартысты өтіп жатыр. Мен өзіміздің “Есіл” хоккей құрамасына жанкүйермін.

Сонымен, есеп 14 те 3. Петропавлдықтар ұтты, есілдіктер ұтылды.
Кубоктың финалы наурыз айында облыс орталығындағы спорт сарайында өтеді. Онда 4 команда кездеседі.

 

Ақжүніс Мұқатай