Денсаулық сақтау

СҚО-да сирек кездесетін ауруға шалдыққан бала дәрімен қамтылмай отыр

Сымбат Есқожина – жұмыр басын тауға да, тасқа да соғып келе жатқан ана. Батыл азаматшаның 4 жасқа таяған Әли есімді ұлы гемофилия дейтін сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Дерт өте ауыр. Егер балақайдың бір жері қанаса, оны тоқтату мүмкін емес. Мұндай сәтте “Гемлибра” деп аталатын дәрі ғана көмектеседі. Өкінішке қарай, оны кез келген жанның қалтасы көтермейді. 1 флаконының құны 1 млн 800 мың теңге тұрады.

СЫМБАТ ЕСҚОЖИНА, қала тұрғыны:

– Бұл – профилактикалық түрде қабылданатын дәрі. 2 аптада 1 рет салынады. Қанаудың және ішкі құрылыстың қанауының алдын алады. №3 қалалық емхананың жауапсыздығынан бала дәрімен қамтылмай отыр.

Өмірі қыл үстінде тұрған балаға аса қажет дәрінің дер кезінде ұсынылмауына не себеп? Осындай сұрақпен Сымбат Есқожина тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінген. Емдеу мекемесіндегілер “препарат тапсырысқа енбей қалды” деп жауап беріпті. Алайда, бұл жайлы ұлы үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған анаға хабарламаған.

СЫМБАТ ЕСҚОЖИНА, қала тұрғыны:

– Қыркүйек айынан бастап дәрімен қамтылмай жатырмыз. Қарашада вице-министрмен кездестік. Содан кейін 2 флакон берілді. Ал 2024 жыл үшін өз күшімізбен 3 флакон таптық. Негізі, бұл дәрі әр ай сайын берілуі тиіс.

Бір айналдырса, шыр айналдырады демекші, желтоқсан айында дәрігерлер Әлидің бойынан тағы бір дерт тапты. Оны алда операция күтіп тұр. Ал құны жоғары дәрісіз мән-жайдан хабардар дәрігерлер ота жасамайды.

СЫМБАТ ЕСҚОЖИНА, қала тұрғыны:

– Паховая грыжа анықталды. Оны жою үшін ота жасалады. Паховая грыжадан кейін баланың сол аяғы қисайып кетті. Балабақшаға барудан қалдық. Операцияны жасау үшін дәрі керек.

Жерлесіміздің базынасы бойынша денсаулық сақтау басқармасына, кейін №3 қалалық емханаға жүгіндік. Директордың орынбасары Алтын-Сара Қарабалина сұхбат берді.

АЛТЫН-САРА ҚАРАБАЛИНА, №3 қалалық емхана директорының орынбасары:

– Біз бұл дәріге қосымша тапсырыс бердік. Баланың салмағына байланысты препарат айына 2 рет салынады. Қазіргі таңда 26 флаконды күтіп отырмыз. Орын алған мәселеге келсек, дәрі-дәрмекпен қамту ісімен біз ғана айналыспаймыз. Жүйенің қай жерінде қателік кеткенін мен айта алмаймын. Құзырлы органдарға хат та жаздық. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.

Талай мекеменің табалдырығын тоздырған ата-ана да жағдайды бақылауда ұстап отыр. Сұхбаттан кейінгі әңгімеде емхананың дәріге әлі тапсырыс бермегені анықталды. Директордың орынбасары ағымдағы жыл үшін қажетті көлем 26 емес, 28 флакон екенін де айтты. Жұмбақтың шешімін таппаған жанұяда ақпанның ортасына дейін жететін дәрі бар. Алайда, желтоқсанда тағайындаған операцияны көпке созбай жасатқан жөн. Жалпы, №3 қалалық емханада гемофилия диагнозы бойынша 3 адам есепте тұр.

 

Байболат Құлтанов