Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ. Жуырда Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен осындай тақырыпта мектеп директорларының форумы өтті. Назарбаев университетінің базасында өткізілген шараға Астана, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 1200-ден астам білім беру орындарының басшылары жиналып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
TEDx форматында өткен интерактивті сессияға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ол отандық білім беру жүйесін дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР Оқу-ағарту министрі:
– Мемлекет басшысының қолдауымен 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%-ға, яғни екі есе өсті. 2023 жылдың қыркүйегінде мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің жалақысы 30%-ға өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни педагогтерді қолдау шаралары жалғасады. Биылдан бастап білім беру қызметкерлерін көтермелеу жүйесі, сондай-ақ, білім беру ұйымдары басшылары мен олардың орынбасарларының жалақысы қайта қаралатын болады.
Білім беру сапасын арттыру, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту, цифрландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жиын барысында диалог алаңы да ұйымдастырылды. Онда қатысушылар атап өтілген тақырыптарды тереңірек талқылап, міндеттелген жоспарларды түйіндеді.
ҚАДИША ДАИРОВА, NU вице-президенті:
– Бұл маңызды форум Назарбаев университетінің қабырғасында өтіп жатқаны біз үшін аса маңызды. Біздің университет Қазақстандағы білім беру саласының инновациялары мен дамуын қолдай отырып, білім беруді үнемі жетілдіруге ұмтылады. Біз осындай маңызды шараның алаңына айналғанымызды мақтан тұтамыз.
Бұған дейін министр Алматы, Түркістан және Жетісу мектептерінің директорларымен кездесулер өткізген болатын. Форум еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.
Ақжүніс Мұқатай