Қалалық бірінші гимназияның 6-шы сынып оқушысы Егор Папст азаматтық қорғаныс құралдарын жинайды. Оның жинағында отандық және шетелдік үлгідегі 30-дан астам жабдық бар. Жеткіншекте бұл хобби Чернобыль тарихымен танысқаннан кейін пайда болыпты.
ЕГОР ПАПСТ:
– Газқағарға деген қызығушылығым Чернобыль атом электр станциясы туралы бағдарламаны көрген сәтте басталды. Жинақтағы бірінші затым – АГ-5 үлгісіндегі газқағар. Оны маған әкем сыйлады. Кейін досымның атасы өзге қорғаныс құрал сыйлады. Осылай менің жинақтарым толыға бастады.
Оқушы жинақтарын әлі де толтырмақ. Ол көбінесе әлеуметтік желі арқылы тапсырыс береді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жеткіншектің хоббиін жоғары бағалап отыр. Мамандардың айтуынша, жас буынның арасында мұндай құмарлықты сирек кездестіруге болады.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
– Баланың коллекция жинайтынын біліп, көрме ұйымдастырдық. Алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қолдау көрсететін боламыз. Бұндай оқушы бізге бірінші рет кездесіп тұр.
Алдағы уақытта мамандар жас коллекционерді іс-шаралар мен көрмелерге жиі шақырмақ. Мақсат – оны көпшілікке таныту және жұмысының бағалануына үлес қосу.
Гүлден Сембаева