10 қаңтар – Ұлттық Ұланның құрылған күні. Атаулы датада жергілікті шенділер Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясына жиналды. Шарада облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев сөз сөйлеп, мереке иелерін құттықтады.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Кәсіби мереке күні барлық жеке құрамға және әскери ардагерлерге, олардың туған-туыстары мен жақындарына ашық аспан, зор денсаулық, бақыт, амандық тілеймін! Отанымыздың өркендеуі үшін табыс тілеймін!
Елдің ішкі қауіпсіздігін сақтап отырған әскерилердің еңбегі зор. Олар күндіз де, түн де аянбай тер төгеді.
ДЕНИС АЛТЫНБЕКОВ, ҚР ҰҰ академиясының оқытушысы:
– Жасыратыны жоқ, Ұлттық Ұлан академиясы – елде жоғары деңгейде білім беретін орындардың бірі. Оқу орны қаншама курсантты әскери өмірге дайындап шығарды. Біз Қазақстан Республикасына әрқашан қызмет етуге дайынбыз. Өзім жайлы айта кетсем, 30 жылдан артық еңбек етемін. Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін.
Бұл күнді ән-бисіз елестету мүмкін емес. Кеште жергілікті таланттар өнер көрсетті. Артынша бір топ әскери марапатқа ие болды.
Бұл кешке Ұлттық Ұланға қарасты 6637 әскери бөлімінің қызметкерлері де қатысты. Нұрсұлтан Жұманғалеев – атаулы күнде марапатталған шендінің бірі. Маман сарбаздардың үйренісуіне, машықтарды меңгеруге сүбелі үлес қосып жүр.
НҰРСҰЛТАН ЖҰМАНҒАЛЕЕВ, 6637 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальон штаб бастығы- батальон командирінің орынбасары:
– Қызметті өте жақсы атқарғаным үшін Ұлттық Ұлан Бас қолбасшылығының атынан “Ұлттық Ұлан үздігі” марапатын алдым. Барша әскериді Ұлттық ұлан меркесімен шын жүректен құттықтаймын!
Темірдей тәртіп талап етілетін салада нәзікжандылар да еңбек етеді. Айжан Жақыпова 20 жылын арнапты. Нәзікжаның жолдасы да – әскери қызметкер. Биыл қатарға Ұлттық ұлан академиясын тәмандайтын ұлдары қосылмақ.
АЙЖАН ЖАҚЫПОВА, 6637 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтар бөлімше бастығының аға көмекшісі:
– Отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еңбекте толағай табыстарға жетуге тілектеспін!
Мерекелік концерт жергілікті өнерпаздардың сахнаға шығуымен жалғасын тапты.
Мәдина Қаби