Петропавлдық құтқарушылар жеке тұрғын үй секторында рейд жүргізуде. Тұрақты шараның мақсаты – газ баллонынан келер қауіптің алдын алу. Мамандар әр баспанаға бас сұғады. Тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, талаптарды түсіндірді.
ТИМУР ГУСЕВ, Петропавл қалалық ТЖБ инженері:
– Баллоннан газдың шығып немесе шықпай тұрғанын от арқылы тексеруге үзілді-кесілді болмайды. Мұндай сәтте сабын ерітіндісі қолданылады. Ол редукторға жақылады. Егер көпіршік пайда болса, бұл – көгілдір отынның кеңістікке таралып жатқанының белгісі. Тағы бір айтпағым, баллонды жылыту пешінің жанына қоюға болмайды.
Бұл – Петропавлдың “Ойқала” ықшам ауданы. Рейд барысында құтқарушылар бірнеше жеке үйдің тұрғынымен тілдесті.
ТИМУР ГУСЕВ, Петропавл қалалық ТЖБ инженері:
– Газ баллонын 100 пайыз толтыруға болмайды. Шамамен 17-18 литр толтыру керек. Өйткені, оны суықтан бөлмеге кіргізген кезде ішінде қысым пайда болып, жарылуы мүмкін. Осыны есте сақтаңыз! Сондай-ақ, газплитасын пайдаланған кезде бірінші жағылған сіріңкені жақындатып, содан кейін бұрағышты бұраған жөн.
Басқарма өкілдері ақыл-кеңеспен шектелмейді. Олар пештердің жай-күйін қарайды, қажетті нұсқаулық береді. Сонымен қатар, улы газ датчигін орнатады. Бұл құрылғының пайдасы зор. Ол қауіп төнген жағдайда дабыл қағады.
АРМАН БАСЕНОВ, ҚР ТЖМ ӨҚК СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Баллонды арнайы орындарда ғана толтыру керек. Мұны білмейтін жандар болуы мүмкін. Кейбір газ құю станцияларынан бас тартқан жөн. Себебі, оларда таразы болмайды. Яғни, баллонның қанша пайызға толғаны анықталмайды. Сондай-ақ, ескі баллондарды тексертіп отырған артық етпейді.
Жыл басынан бері облыста 2 газ баллонының жарылу фактісі тіркелді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері адамдарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға және бейхабар тұрғындарды негізгі талаптармен танысуға шақырады.
Байболат Құлтанов