Петропавл 2-ЖЭО-да тұрғызылып жатқан мұржа бұзылады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 8-ші тамызында құрылыс тоқтағаны мәлім. Себебі, 39-шы метрде ауытқу анықталды. Осы сәтте елдің назары қуат ошағына ауды. Өз кезегінде жауапты мамандар шұғыл түрде олқылық жойылып, құрылыс қыркүйек айында жалғасады деп мәлімдеген еді. Алайда, жоспар орындалмады.
АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ,«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:
– Толық бөлшектеу керек. Бұзбай, яғни әрмен қарай тұрғыза берсек, қиындыққа тап боламыз. Біз осыны ескердік. Есептей әрі ойлана келе, бөлшектеу жайлы шешімге келдік.
Сұхбат барысында Анатолий Казановский «ҚазтеплоСПЕЦСТРОЙ» серіктестігі барлық демонтаж жұмыстарын наурыздың біріне дейін аяқтайтынын айтты. Дегенмен, сәуірді күту керек. Температура 5 градусқа дейін жоғарыласа, мұржаның құрылысы қайта жалғасады.
АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ,«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:
– Тұтынушы тараптан қосымша шағын болмайды. Барлығын мердігер компания өтейді. Жоба біздің инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі бас мердігер 2022 жылы осыған ұқсас жобаны жүзеге асырған. Тәжірибелі деуге толық негіз бар. Тиісінше, мұның барлығы қаржыландыруды ұлғайтпай, қазіргі келісім аясында жұмыс істеуге кепілдік береді.
Ақжүніс Мұқатай