Денсаулық сақтау

Мереке күндері Петропавлда 18 бала дүниеге келді

Облыстық перинаталдық орталық мамандары мереке дегенді білмейді десек болады. Олар қай күні, қандай уақытта болмасын дүние есігін ашқалы тұрған сәбиді анасына аман-есен табыстаулары керек. Биылғы Жаңа жыл мерекесінде Петропавлда ақ халаттылардың көмегімен 18 бала өмірге келді. Оның 10-ы 31-ші желтоқсанда туылса, қалғаны 1-ші қаңтарда шыр етті. 2024 жылы өмірге келген тұңғыш нәресте – қыз бала. Салмағы – 3210 грамм, ал бойы – 53 сантиметр. Сүп-сүйкімді балапанған Рамина деген әдемі әрі сирек есім беріліпті.

ДИНАРА НҰРҒОЖИНА:

– Негізі, мен 10-шы қаңтарда босануым керек еді. 30-шы желтоқсан күні ішім ауырды. 31-і жедел жәрдем шақырып, кешкі 10-да осында келдім. Қан қысымым 180-ге дейін көтерілді. Жүрек қағысым да жоғары болды. Қатты қиналдым, осылай таңғы 4-те қызымды дүниеге әкелдім.

Жаңа жылдық демалыс күндері облыстық перинаталдық орталық мамандары арнайы ауысым бойынша тер төкті. Дәл мереке түнінде 3 акушер-гинеколог, 2 неонтолог пен 2 анестезиолог-реанимотолог жұмыс істеген екен.

СӘУЛЕ МҰСТАФИНА, облыстық пернаталдық орталық босанғаннан кейінгі бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жалпы, 2023 жылы 4 204 босану болды. Оның ішінде шала туылған, жақсы туылған, кесір тілігі арқылы туылғандар бар. Барлық солтүстікқазақстандықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Әр жанұяға зор денсаулық, бақыт тілеймін!

Жалпы, желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 1-і күндері дүниеге келген сәбилердің 7-еуі ұл болса, 11-і – қыз бала.