Қоғам

Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер

Қазақстанда әр жылдың басында әлеуметтік төлемдерге қатысты оң өзгеріс болады. Бұған ел үйренісіп кетті. Қаңтар таяғанда жер-жерде жәрдемақы мен зейнетақыға қатысты сөз қозғалып, болжам айтылатынын құлақ шалып жүр. Жауапты сала өкілдері тиісті есептеу жүргізді. Жергілікті мамандар мынандай қорытындыға келген.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– 1-ші қаңтардан АЕК – 3692 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 57 853 теңге, ал ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 28 215 теңге болып белгіленді. Жалпы, республикалық бюджеттен зейнетақының 2 түрі төленеді. Бұл – ынтымақты зейнетақы және базалық зейнетақы.

Осы орайда мынаны ұғыну қажет, елде ынтымақты да, базалық та зейнетақы өсті. Алғашқысы – 9, ал екіншісі 7 пайызға ұлғайып отыр.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері алдағы 5 жылда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін жеткізіледі. Ал ең жоғары базалық зейнетақы мөлшері 100 пайыздан 120 пайызға дейін жеткізіледі.

Сонымен, биылғы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері – 28 215 теңге. Ал қарама-қайшы көрсеткіш 45 578 теңгеге жетті. Көпшілікке мәлім, айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы мөлшеріне тікелей әсер етеді. Яғни, бұл бағытта да өзгеріс бар.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Мүгедектік және асыраушысынан айрылу бойынша, сонымен қатар мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға және 1-ші топтағы азаматқа күтіп жасайтын адамға төленетін жәрдемақы мөлшері де өзгерді. Өсім 7 пайызды құрайды. Мысалы, 1-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін ұлғаяды.

Қазақстанда жәрдемақының түрі көп. Солардың ішінде балаларға қатысты төлем жиі қаузалады. Мұнда да оң өзгеріс барын хабарлаймыз.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– 1, 2, 3 бала туса, берілетін біржолғы жәрдемақы 131 100 теңгені құрады. Енді 140 296 теңгені құрамақ. Көпбалалы отбасыларға келсек, 4 баласы бар отбасылар үшін енді 59 183 теңгеден төленіп отырады.

Ескерер жайт, 59 183 мың теңге – ай сайын төлететін жәрдемақы. Ал отбасында 4-ші бала өмірге келсе, біржолғы төлем енді 232 596 теңгені құрамақ. Тілдесу барысында департамент басшысының орынбасары мынандай да дерекпен бөлісті:

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Біздің өңірде 145 мыңнан аса адам жәрдемақы және зейнетақы алады. Соның 102 мыңнан астамы – зейнеткер. Тиісті жұмыс аяқталды. Азаматтар өздеріне тиесілі төлемді қаңтар айынан бастап, графикке сәйкес алатын болады.

Сөз соңында айта кетейік, айлық есептік көрсеткіш айыппұл мен салықты есептеу үшін де қолданылады. Демек, енді қазақстандықтар бұрынғыдан жоғары айыппұл мен салық төлейді.