Ауыл шаруашылығы

Фермерлерді толғандырған мәселелер талқыға салынды

Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша елде алдыңғы орында тұр. 5 мыңнан аса тауар өндірушінің басын біріктірген бұл сектор 90 мың теріскейлікті еңбекпен қамтыған. Дегенмен, кәсіпкерлер өзара тығыз араласып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға құлықсыз сияқты. Себебі, жергілікті фермерлер кеңесіне небәрі 116 іскер жан мүшелік етеді.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Біздің облыста бұл ұйымға шаруалардың аз тартылғандығы байқалады. Мәселені ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе талқылап, әр ауданда «Қазақстан фермерлері одағының» өкілдері болу үшін күш саламыз. Қолдауға келсек, өңірдегі барлық инвестицияның 50 пайыздан астамы аталған салаға бағытталған. Жыл басынан бері 163 млрд теңге қаржы құйылды. Бұл облыс үшін жақсы көрсеткіш.

Салаға миллиардтардың құйылғаны дұрыс. Қаржы қарыштап дамуға жол ашады. Жиынға Астанадан арнайы келген Қазақстан Фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов осы қолдау дұрыс бағытта көрсетілсе деген пікірде. Баяндамасында спикер өзекті тұстарға тоқталды.

ЕРМЕК ӘБУОВ, Қазақстан Фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Агробанктің ауадай қажет екенін барлығы жақсы білсе де, шешімін таппай отыр. Шалғай жатқан аудандарда қайта өңдеу кәсіпорындары жоқ. Соның салдарынан жап-жақсы шаруашылықтар жабылып жатыр.

Бұл жиынға аудан басшылары қашықтықтан қатысты. Олар техника бөлшектерінің қымбаттауы, логистика, астық қабылдау, тұқым алу сынды тұстарға тоқталып, мәселелер көтерді, сұрақтарға қойды. Сауалдардың кейбіріне “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” өкілдері жауап берді.

– На данный момент нам поступило заявок от 138 СВПТ на объем 62 тыс. тонн. Закуп мы будем проводить до конца года, и после Нового года продолжим. Поэтому, если есть объемы – пожалуйста, приходите, сдавайте.

Сөз барысында 2024 жылы ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру жайлы да айтылды. Жиын соңында үздік фермерлер марапатталды.

 

Байболат Құлтанов