Петропавлда көктемде аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталған ер адам бас бостандығынан айырылды. Нашаға тәуелділіктен де темір тордың ар жағында емделеді. Еске сала кетейік, сәуір айында 28 жастағы қала тұрғынынан 250 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленген болатын. Ұсталған ер адам психотропты зат жасырумен де айналысқан. Ол интернет-дүкен арқылы берілген осындай 5-ші тапсырысты орындау кезінде ұсталады. Ер адам ҚР ҚК 297-ші бабының 3-ші бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жалпы, облыста жыл басынан бері есірткі өткізуге қатысты 100-ден астам факті тіркелді. Заңсыз айналымнан 740 келіге жуық түрлі есірткі тәркіленді.