Қоғам

«Miras» кеңесінің қорытынды отырысы

«Miras» кеңесі – «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған ұйым. Кеңес мүшелері жиі жиын өткізіп, қоғамда өзекті деген мәселелерді талқылайды. Қорытынды отырысқа арқау болған тақырыптың бірі – қазақ тілінің бүгінгі күйі. Ұйым төрағасы Ербақыт Амантайұлы жас ұрпаққа қазақ тілінде білім берудің саны мен сапасын арттыру қажет дейді.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» кеңесінің төрағасы:

– Орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныптарын ашу қажет. Өкінішке орай, қазіргі таңда облысымызды алып қарайтын болсақ, ұлты қазақ балалардың шамамен 40 пайызы орысша білім алады екен. Петропавл қаласында биыл үш мектепте қазақ сыныбы ашылды. Аудандар да шетте қалмады. Тайынша ауданында, Мамлют ауданында Меңгесер деген ауылда қазақ мектептері ашылды. Тайынша қаласының өзінде №1 мектептің жанынан қазақ сыныбы ашылды.

Ербақыт Амантайұлының айтуынша іс-қағазды мемлекеттік тілде жүргізу сапасы да ақсап тұр.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» кеңесінің төрағасы:

– Тіл мәселесін әрі қартай жетілдіруіміз керек. Мысалы, аудандарда іс-қағаздарын жүргізу 90-100% деген есептерді барлығыңыз да білесіздер. Ал шынтуайтынына келгенде іс-қағаздар орысша жасалады. Оны қазақ тіліне аударып статистиканы жақсылап көрсетіп жатырмыз. Бұл тұрғыда аудармашыға ғана арқа сүйеп қана қоймай, әрбір маман іс-қағазды қазақша жүргізе білуі қажет.

Көнерген жер-су атауларын жаңарту ісі де күн тәртібінде.
Жиында өңірде ақындық және айтыс өнерінің дамуы туралы айтылды. Осы орайда айтыскер ақын Жарқын Жұпархан
жыл бойы атқарған жұмыстарына тоқталып өтті.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын:

– Осы жыл Қызылжардың ақындары үшін өте табысты, жемісті жыл болды. Бір халықаралық, бір республикалық, бір облыстық үлкендер арасында айтыс ұйымдастырдық. Сонымен қатар, үш оқушылар арасында айтыс және өлең оқу – тағы басқа да сайыстар өткіздік.

Биылғы жыл Мағжанның 130 жылдығына негізделсе, келесі жылы ұйымдастырылатын шаралар ақын Ерік Асқаровтың 65 жылдығына арналады.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын:

– Наурыз айында дәстүрлі түрле республикалық ақындар айтысын өткіземіз. Сонымен бірге, Қызылжар өлкесінің төл тумасы Ерік Асқаровтың 65 жылдық мерейтойы, осы 65 жылдыққа да республикалық айтыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Жастарды көтеру мақсатында облыстық деңгейде оқушылар арасында айтыс ұйымдастыру ойымызда бар.

Сөздің басында «Miras» кеңесінің мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайды дедік. Бүгінге дейін өткізген отырыстарында ұйым өкілдері атқарушы органдарға 6 ұсыныс жіберген. Соның барлығының орындалуын назарда ұстаған.

 

Мәдина Қаби