Қоғам

Іскер әйелдер жылды қорытындылады

Әйел-ана, әйел-батыр, әйел-жар. Отбасының берекесі болып саналатын көріктілер бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Бұл жай ғана теңеу болып көрінгенімен, шындығында әйел адамзатының қолынан келмейтіні жоқ. Мұны неге айтып отырмыз. Өңірде “СҚО әйелдер күші альянсы” және Іскер әйелдер қауымдастығы атты – ұтымды ойларды ілгерілетуге, нәзікжандылардың мәселелерін шешуге арналған ұйымдар бар. Бүгін ұйым өкілдері өткен жылды сараптап, келер жылды жоспарлау үшін жиналып отыр.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары:

– Іс-шараның мақсаты – жыл бойы әртүрлі салаларда жұмыс істеген қызметтерімізге қорытынды жасау. Сонымен қатар, алдағы жаңа жылға жоспар құрамыз. Барлығымыз ойымызды ортаға салып, пікір білдіреміз.

Жыл аталмыш ұйым үшін ерекше жемісті болыпты. Кәсіпкер әйелдер үшін түрлі шеберлік сағаттары өткізіліп, облыстық және республикалық көлемде форумдарға қатысуға мүмкіндік алған.

ӘЙГЕРІМ КЕРІМБАЕВА, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:

– Менің бұл қауымдастыққа кіргеніме 1 жарым жыл болды. Қазір жеке кәсіпкермін. Орталықта балалардың жүзуіне арналған сауықтыру кешенім бар. Осы жыл біз үшін табысты болды. Көптеген тренингтер мен іс-шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, Алматы қаласында өткен іскер әйелдер қауымдастығының форумы ерекше әсер етті. Соның арқасында жеке кәсібімді автоматтандырдым.

Жалпы, қос ұйымның келе жатқан 2024 жылдан күтерлері көп. Қатарларын жаңа жандармен толықтыруды да көздеп отыр. Ал бүгінгі жиын жарқын отырысқа ұласты.

 

Ақжүніс Мұқатай