Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жеріне кіргеніне бүгін 44 жыл толып отыр. Ұрыстарға елімізден 22 мыңнан астам сарбаз қатысып, 700-ге жуығы оралған жоқ. Бүгін дәстүр бойынша Петропавлдағы Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға 200-ге жуық ардагер мен курсанттар қатысты. Жиналған қауым соғыста мерт болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
НҰРБАЙ БЕКТҰРСЫНОВ, ҚР Ұлттық ұлан академиясы бастығының орынбасары:
– Ардагерлердің Ауған соғысында көрсеткен ерліктері әлі күнге мақтаныш сезімін тудырады. Олардың кейбіреуі әскери академияға келіп, курсанттарға патриотизм туралы дәріс оқиды.
Ауған соғысына қатысқан солтүстікқазақстандықтардың 50-ге жуығы ұрыс даласында опат болды. 10 жылға жуық уақытқа созылған ұрыс Кеңес Одағы үшін 89-шы жылы аяқталды. Шәміл Шәкіров Ауған соғысы жүріп жатқан кезде әскерге шақырылыпты. 24 жасында Кабул қаласына аттанған. Әскери ұшқыш болған екен.
ШАМИЛЬ ШАКИРОВ, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы төрағасының орынбасары:
– Бұл майданда жеңгендер де, жеңілгендер де болған жоқ. Біз өз міндетімізді орындадық. Сол күндер әлі есімізде. Ешқашан ұмытылмайды.
Бүгінде облысымызда 600-ден астам Ауған соғысының ардагері тұрады.
Гүлден Сембаева