Қырықтан аса қойды сілеусін емес, иттер қырып кетуі мүмкін! Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов өңірімізде тіркелген жайтқа қатысты пікір білдірді. Ол далада жыртқыш аңдарға азық жеткілікті деп отыр. Бастан-аяқ баяндайық, желтоқсанның 16-сы күні таңғы 5-тер шамасында Айыртау ауданындағы мал шаруашылығы кешендерінің бірінен өлген 44 қойдың денесі табылды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Мамандар тексеру кезінде жануарлардан тіс пен тырнақ іздерін анықтады. Көпшілігінің көмей тұсы зақымданыпты. Бір тұяқты жартылай желінген. Полицейлер осы және өзге де деректерді сабақтап, орын алған жайтқа иттердің қатысы барын жоққа шығарды. Олар жарты шақырым жерден сілеусіндікіне ұқсас іздер табылғанын да жариялады. Қоса кетейік, келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі шамамен 1 млн теңгені құрайды.
ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
– Солтүстік Қазақстан облысында сілеусін бар. Оған санақ кезінде көз жеткіздік. Саны шамамен 40-тан асып жығылады. Мынаны ұғыну қажет, сілеусін қанішер аң емес. Ол бұлай шабуылдамайды. Мен осыны алға тартып, қойларды өзге жануар қырды деп ойлаймын. Бұл ит те болуы мүмкін.
Мәдина Қаби