Қазір онлайн сауда жасап сан соғып қалатындарды жиі көріп жүрміз. Алданғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға өскен. Яғни, 246 жанның ақшасы далаға кетті. Тұтынушылардың құқығын қорғау үшін уәкілетті орган бұл сауда түріне ерекше көңіл бөлуде. Мәселенің шешімін тауып, алдын алу үшін түрлі құралдар да іске қосылып жатыр. Департамент мамандары телефондағы қосымша арқылы 72 тұтынушыға 2 млн 770 мың теңгеден астам қаражатты қайтаруға көмек көрсетіпті. Бейінді департамент басшысының орынбасары Ләзім Мияшева осы орайда жиі кездесетін жағдайлардан мысал келтіріп өтті.
ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– Бір азамат Instagram желісінен «Apple air pods3» құлаққаптарын көріп, тапсырыс берген. Тіпті, сатушыға 64 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасапты. Бірақ, тауар қолына тимеген. Тапсырыс берген кезде Instagram парақшасында 17 мыңнан астам жазылушы болған. Бейне нұсқаулығында сатушының мекен-жайы көрсетілген. Алайда, аталған нысанға барған кезде, ол жердің сұлулық салон екені белгілі болды. Бұл өтініш қазір құқық қорғау органдарында қаралуда.
Сауда қызметін реттеу мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, теріскейде өтініш білдірушілердің саны артпаса кемімей тұр. Өткен жылы 491 адам наразыланса, биыл бұл сан 8,4%-ға артқан. Мәселені біржақты ету үшін Мәжілісте «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы қаралуда.
ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– Заң жобасы бизнестің жауапкершілігін арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауға, сондай-ақ, олардың құқықтарын қорғау мәселелерінде үкіметтік емес институттардың рөлін күшейтуге бағытталған. Заң жобасы ең алдымен жосықсыз кәсіпкерлікпен жұмыс істеудің алдын алуға арналған. Бұл іс Мемлекет басшысының барлығына тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы мен тұтынушы шағымдарының көбеюіне байланысты туындап отыр.
Айта кетейік, аталған саладағы уәкілетті орган «Сапалы өнім» жобасының тұжырымдама жобасын және осы жобаны іске асыру бойынша жол картасын әзірледі. Жобаның негізгі міндеті – халықты нарықтағы қауіпті әрі сапасыз өнімдерден қорғау.
Ақжүніс Мұқатай