Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов брифинг өткізді. Алдымен еліміздің басты баспасөз алаңында атқарылған және атқарылатын жұмыс бойынша баяндама оқылды. Жоспар ауқымды. Қасым-Жомарт Тоқаев ет, сүт және астықты терең өңдеу, жылыжайлар салу жөнінде тапсырма жүктегені белгілі. Осыны орындау үшін өлкеде инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асуда. Құрылысқа толығырақ тоқталсақ, облыс орталығында үстел теннисі мен мұз сарайы салынбақ. Баяндама оқылғасын кезек сұрақ-жауап сессиясына келді. Ғауез Торсанұлына өз сауалын қою үшін 40 журналист жазылыпты. Тілшілер тікелей эфирде әртүрлі салаға тоқталды. Бірі Петропавл 2-ЖЭО-дағы ахуалды білді. Мұнда салынып жатқан жаңа мұржаның 21-ші метрінде ақау анықталып, іс тоқтатылғаны, артынша бұзу жұмысы басталғаны белгілі. Өңір жетекшісінің айтуынша, желтоқсанның 8-і күні зертханалық қорытынды шығады. Соған сәйкес шешім қабылданады. Яғни, нысан не толық бұзылады немесе ауытқу анықталған жерден көтеріледі.
Байболат Құлтанов