Қазір Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 7 млн жуық адам тұрады. Бұл санатқа қатысты Парламент тиісті заң қабылдағаны белгілі. Құжатта Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балаларға тең бөлу жазылған. Келешекте ақшаны білім алу және тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалануға болады.
ДӘУРЕН ТЕМІРБЕКОВ, ҚР Қаржы вице-министрі:
– Білім алу бағыты бойынша – қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді. Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша – қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
18 жасқа толған адам Ұлттық қордан ақша алу үшін уәкілетті операторларға өтініш беру және шот ашу керек. Ескеретін жайт, шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады.
ДӘУРЕН ТЕМІРБЕКОВ, ҚР Қаржы вице-министрі:
– Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы жойылады. Шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалды.
Жаман айтпай, жақсы жоқ! Егер бала 18 жасқа толмай өмірден өтсе, жинақты кім алады? Мұндай жағдайда ақша марқұмның ата-анасында қалады немесе өзге балаларының арасында бөлінеді.
Байболат Култанов