Қоғам

Кітапханашылар марапатталды

Кітапханашылар – кітапхана мен оқырманның арасындағы алтын көпір. Бүгін рухани байлықты жандарына серік еткен білімпаз жандар сыйға бөленді. Кітапханашылар күні аясында өңіріміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген жандар марапатталды. Солардың бірі – 40 жылға жуық еңбек өтілі бар Ырысжан Каликова. Өмірінің жартысынан көбін осы салаға арнаған нәзікжанды 18 жыл бойы Мамлют ауданының Бостандық ауылында қызмет еткен. Қазір қаладағы Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияның кітапханасында жұмыс істейді.

ЫРЫСЖАН КАЛИКОВА, С.Шаймерденов атындағы классикалық гимназияның кітапханашысы:

– Бұл өте керемет мамандық. Кітапхана – мектеп айнасы. Міне соңғы 3 жылда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020-2025 жыл аралығында “Оқуға құштар мектеп” жобасын бекіткен болатын. Осы жоба аясында біз көптеген іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Өзім кітапты ұнатқаннан кейін, оқырмандарды да ұнатамын. Кітапханашы – ең керемет мамандық деп айта аламын.

Бүгінгі іс-шараға барлығы 100-ден астам кітапханашы қатысып отыр. Оның 6-ауына, яғни осы істің ардагерлеріне құнды сыйлықтар берілді. Айгүміс Каменова Жамбыл ауданы Благовещенка ауылындағы 2-ші қазақ орта мектебінде 20 жыл бойы еңбек еткен. Қазір зейнетте.

АЙГҮМІС КАМЕНОВА, зейнеткер, Жамбыл ауданы:

– Кітапхана рухани қазынаның ошағы ғой. Балалар келеді. Олардың кітап әлеміне деген қызығушықтарын арттыру керек. Сондықтан, оқушылармен жұмыс істедім. Әртүрлі ойындар ойнатып, көрсетілімдер қоятынбыз. Қуаныштымн балалармен жұмыс істегеніме. Бүгінгі іс-шара үшін көп рахмет. Бізді ұмытпай марапаттап жатқандарына алғысымды айтамын.

РОЗА СӘРКЕН, СҚО білім басқармасы білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

– Облыстың барлық кітапханашылары қатысуда. Бүгін ең белсенді және үздік кітапханашылар білім бөлімінің грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Жеке тұлғаны қалыптастыруға септігін тигізетін жан болғандықтан мектеп өмірінде кітапханашының атқаратын рөлі өте маңызды деп санаймын.

Шара әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасты.