СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Республика күніне орай салтанатты шара өтті

Ертең қазақстандықтар ұлы мереке – Республика күнін атап өтеді. Ұлы деп бекерден-бекер айтпаймыз. Тарихтың беттерін парақтайық. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Міне, осындай маңызға ие. Теріскейліктер тойды бүгін бастап кетті. Жұртшылық осыдан жарты сағаттай уақыт бұрын сәулеті жарасқан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына жиналды. Көпшілікті алдымен айтулы мерекемен аймақ басшысы құттықтады. Ғауез Нұрмұхамбетов өз сөзінде іргесі сонау 90-ның күзінде қаланған еліміздің қазір дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылды, жолдар салынды. Әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Адал еңбекті жоғары қоятын солтүстік жұртшылығы ұлы мерекені болашақ ұрпаққа насихаттауды жалғастырады деп сенемін.

Ерен еңбек осындай мерекеде бағалануы тиіс. Біздің өңірде еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Анатолий Плешаков. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Құрметті профессоры өткенімізді тануға зор еңбек сіңірді. Сіңіріп те жүр. Азаматтың бастамасымен бірнеше жоба қолға алынды. Солардың бірі – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехия, Словакия және Краснодар өлкесінде қаза тапқан солтүстікқазақстандық сарбаздарды анықтау.

Осы және өзгеде маңдайалды жұмыс үшін Анатолий Андреевич Президенттің атынан “Құрмет” орденімен марапатталды.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, Қозыбаев университетінің құрметті профессоры:

– Әзірге Чехия мен Словакия жерінде қаза тапқан 3 жауынгерді анықтадым. Туыстарын да таптым. Жұмыс оңай деп айтуға келмейді. Көп іздену керек. Маңызды шаруаны соңына жеткізу үшін жер-жердегі әкімдіктерден қолдау танытуды сұрадық. Көмек көрсетілетін болды. Демек, алдағы уақытта көз жұмған сарбаздар жайлы тың деректер жарияланады.

Бүгін Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының солисі Асхат Таушев та “Құрмет” орденін кеудесіне тақты.

Талант иесі талай сахнаның шаңын қақты. Өнерімізді, өлеңімізді дүйім жұртқа танытты, тыңдатты. Дайындап жатқан шәкірттері де бар.

АСХАТ ТАУШЕВ, Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының солисі:

– Өнер саласында жүргеніме 20 жылға жақындап қалды. Астанада 10 жыл еңбек еттім. Сосын өзімнің туған жеріме келуді жөн көрдім. Шәкірттерім бар. Қазір алды университетте оқып жатыр.

Бүгінгі ауқымды шара концерттік бағдарламамен аяқталды. Жергілікті өнер иелері жұртшылықты әнмен, бимен құттықтады.

 

Байболат Култанов