Денсаулық сақтау

1-ші қалалық емхананың филиалы ашылды

Бүгін Жас өркен ықшам ауданында көптен күткен айтулы сәт орын алды. Құрылысы 2 жыл бойы жүрген 1-ші қалалық емхананың филиалы ашылды. Салтанатты шарада қала әкімі Серік Мұхамедиев жаңа нысанның ашылуы өзге емдеу мекемелеріне түсетін жүктемені азайтып, медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал ететінін айтты.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Құрметті қауым, мемлекеттік саясат біздің облыста ғана емес, жалпы республика бойынша тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған. Республика күні қарсаңында бүгін Жас өркен ықшам ауданында 1-ші қалалық емхананың филиалы ашылып жатыр.

Қала басшысы сөзін аяқтағаннан кейін нысанның қызыл таспасын қиды. Емхана басшысы Николай Новиков қауымға емдеу мекемесін таныстырды. Іші-сыртымен аралатып, кабинеттерді көрсетті. Мұнда қойылған құрал-жабдықтардың бәрі заманауи.

Жаңа емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдауға қауқарлы, ал жалпы 34 мың адамға қызмет көрсетеді. Мұнда 250 маман жұмыс істейді, соның 50-ге жуығы – дәрігерлер.
Кейбірі Астана мен Қарағанды қалаларынан келіп отыр.

НИКОЛАЙ НОВИКОВ, №1 қалалық емхананың директоры:

– Мамандар әлі де қажет. Кадр қатарын толықтыру үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанның барлық медициналық университеттеріне барып, студенттерді тартудамыз. Жергілікті білім ордасымен де келіссөздер жүріп жатыр.

Емхана ресми түрде ашылғанымен, науқастарды қабылдау желтоқсан айының соңында бастау алады. Жаңа нысанда интернет желісін тарту жұмысы жүргізіліп жатыр.