Петропавлдық ювеналдық полицейлердің кезекті рейдтік іс-шарасы жоғалып кеткен жасөспірімді іздеуден басталды. Қуанышқа орай, 15 жасар қыз бала тез арада табылды. Айтуынша, телефонына қоңырау келгенін естімеген. Тәртіп сақшылары онымен профилактикалық сипаттағы әңгіме жүргізіп, түнгі көшелердегі рейдтерін жалғастыруға кірісіп кетті.
Динара МҰҚАНОВА, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы:
– Полиция органдарының барлық күш-құралдарының қатысуымен «Жасөспірім» деп аталатын іс-шара өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар тарапынан болатын және оларға қатысты жасалуы мүмкін қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Үш күн ішінде облыста түнгі уақытта үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүрген 49 жасөспірім анықталды. Ата-ана міндетін орындамаған 25 солтүстікқазақстандық жауапкершілікке тартылды. Ұсталған жасөспірімдердің 10-ы масаң күйде болған.
14 жастағы бір баланы петропавлдық полицейлер тыныштықты бұзу фактісі тіркелген жерге келгенде анықтаған.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, жасөспірім есірткілік масаң күйде болған. Бала облыстық балалар ауруханасына орналастырылды. Полиция қызметкерлері оның тәртібі мен әрекеттерін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарау үшін материалдар жинауда. Сондай-ақ, іс-шара барысында 4 жасөспірім мен тұрмыс салты нашар 16 отбасы есепке қойылды.
Данаш Хамзина