ТЖ

Петропавлда өрттен 3 адам қаза тапты

Петропавлда жер үй өртеніп, 3 бірдей адам қаза тапты. Волочаевская көшесінде тұрып жатқан 20 жастағы келіншек пен 1 және 4 жастағы балалар
жанып кетті. Балалардың үлкені марқұмның жиені екен. Кешкі 9-дан кете кішкентай ғана үйдің жанып жатқанын көршілері көріп қалған. Өрт сөндірушілерді шақырған да солар.

ЮРИЙ СУХАРИЕВ:

– Мен ұйықтайын деп жатқанмын. Терезеге қарап қалған жалын көрдім. Үйден шықтым да жанып жатқан үйге қарай жүгіре жөнелдім. Әйелім бірден құтқарушыларға хабарласты. Терезеден жас жігіт секіріп шықты да үйде балалар бар екенін айтты. Өрт сөндірушілер келген кезде үйдің отқа оранғаны соншалық ішке кіру мүмкін болмады.

Өрт сөндіру бөліміне өрт туралы хабар 9.35-те келіп түскен. Құтқарушылар оқиға орнына 5 минутта жеткен. 15 маман мен 2 өрт сөндіру көлігі келген. Өрт 10-нан 36 минут кеткенде толығымен сөндірілген. Өкінішке қарай, дәл кіреберістен әйел мен 2 сәбидің өлі денесі табылған.

НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, қалалық ТЖБ бастығы:

– Күйеуі үйдің ішінде болды. Жұмыстан кейін ұйықтап жатқан. Сол кезде марқұм әйелі үйімізде түтін деп оятқан. Олар шыға бергенде веранда толығымен отқа оранды. Күйеуі терезені сындырғанша әйелі балаларымен кіреберіске шығып кеткен. Отбасысын шығара алмай өзі аман қалды.

От басқан аумақ – 19 шаршы метр. Яғни, үйдің кіреберісі мен сырттағы қоршау жанып кеткен. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша от кіреберістегі электр сымынан тұтанған. Марқұмдардың қайғыдан қара жамылған туыстарына жергілікті билік тарапынан тиісті көмек көрсетілгелі жатыр.

АСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

– Жергілікті атқарушы органдардың атынан жерлеу рәсіміне, уақытша жалдамалы пәтерге және арнайы қаржы бөлінетін болады. Жерлеу рәсіміне және азық-түлік, киім-кешекпен көмектесеміз. Бұл жерге облыс және қала басшылары келді.

Айта кетейік, облыста жалпы жыл басынан бері 400-ден астам өрт болған. Соның жартысынан астамы жер үйде тіркелген. ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша өрттен биыл 14 адам қаза тапқан.

 

Гульден Симбаева