Мәдениет

Қалаға танымал кернейші Жасұлан Абдықалықов келді

Жасұлан Абдықалықов – еліміздің талантты кернейшісі. Өнерлі жан қаламызға тәжірибесімен бөлісуге арнайы келген екен. Қостанай облысының тумасы Қызылжар өңіріне осымен 2-ші рет ат басын бұрып отыр.

ЖАСҰЛАН АБДЫҚАЛЫҚОВ, “Muzic Aetema” оркестрінің солисі:

– Мен қазіргі таңда Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы “Muzic Aetema” оркестінде жұмыс істеп жатырмын. Ұзақ уақыт бойы Германияда, Мәскеуде оқығанмын. Петропавлға осы уақытқа дейін жинаған тәжірибеммен бөлісуге келдім. Жергілікті өнерлі жас буынмен кездеспекшімін.

Бір айта кететін жайт, Жасұлан Абдықалықовтың өңірімізге келуіне бірден-бір себеп -досы Марат Закирьянов. Ол да – кернейші. 14 жастарынан бері достық пен өнерді қатар алып жүрген қос талантты жан осы уақытқа дейін байланысты үзбей келеді. Марат Закирьянов – облыстық филармонияның әртісі, өнер қолледжінің оқытушысы. Қос өнерпаздың көп уақыттан кейін бастары қосылып, қолдарындағы аспаппен бірге туынды орындады.

МАРАТ ЗАКИРЬЯНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның эстрадалық және джаз музыкасы оркестрінің солисі:

– Біз 2005 жылы “Мамандандырылған мектептегі жас орындаушылар” деген республикалық конкурста таныстық. Бұл жарыс Қарағанды, Астана мен Петропавл қалалары арасында өтетін. Жасұлан екеуміздің жасымыз ол кезде 14-те болатын. Кейін екеуіміз де Ресейдегі Новосібірде өтетін ауқымды жарысқа жолдама алдық. Арамызда достық пен бәсекелестік бірге жүретін. Кейін мен 2010 жылы Астанаға оқуға түстім, ал Жасұлан сол жылы оқуын Мәскеуге ауыстырды.

Өнерлі мейман қаламыздағы өнер колледжі мен музыкалық мектепке барып, жас буынмен тілдесті. Жан тыныштығын жақсы ұғынатын Жасұлан Абдықалықов өңірімізге тағы бір мәрте келуді жоспарлап отыр.