Қоғам

«AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын бастады

«Кітап-AMANAT». «AMANAT» партиясы осындай атаумен жаңа жоба бастады.
Мақсат – оқырман санын арттырып, қазақстандық жазушыларды қолдау.
Игі бастама барысында «AMANAT» партиясы мен баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім аясында баспаханалар жоба дүкендерін қолжетімді бағадағы кітап қорымен қамтамасыз етеді. Жуырда партияның Алматы қалалық филиалында жобаның тұсаукесері өтті. Іс-шараға қатысқан Мәжіліс спикері,«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов кітап адам өмірінде айрықша орын алатынын атап өтіп, жаңа жобаның ерекшелігіне тоқталды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, «AMANAT» партиясының төрағасы:

– Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударды. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. «AMANAT» партиясы Президенттің осы бастамаларын жүзеге асыру үшін барлық өңірлік филиалда «Кітап-AMANAT» кітап дүкендерін ашады. Ол тек кітап сататын орын ғана емес, сонымен қатар, нағыз мәдени-ағарту орталығы болады.

 

Ақжүніс Мұқатай