Құқық қорғау органдары

Жалдамалы пәтерде бірге тұрған жігіт зейнеткердің атына несие рәсімдеген

Көршісінен айласын асырған петропавлдық темір торға тоғытылды. 26 жастағы жігіт шаһарда зейнеткермен бір бөлмені жалдап тұрған. Қарт адамның сеніміне кірген қала тұрғыны оның ұялы телефонын алып, банк қосымшасы арқылы несие рәсімдеген. 300 мың теңгені қалтаға басқан пысықай оны букмекерлік кеңседе әп-сәтте құртқан. Егде жастағы азамат мойнында берешегі барын қолына зейнетақысының жартысын алған кезде ғана білген. Қалған қаражат несиені жабуға бағытталыпты. Сот шешімі бойынша алаяқ 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Қайрат Қасымбеков, СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы:

– Әлдебіреулер банктік қосымшаңызға еш кедергісіз қол жеткізбес үшін ешқашан ешкімге жеке деректеріңізді бермеңіздер. Естеріңізде болсын: банктік карталарыңыздың нөмірлерін және артқы жағындағы cvv-кодты, sms арқылы келетін бірреттік кодты құпия сақтаған жөн. Сондай-ақ, жеке куәліктің фотосуретін де ешкімге жібермеу керек. Өйткені, алаяқтар оны несие ресімдеуде не болмаса басқа адамдарды алдағанда пайдалануы мүмкін. 

 

Алдияр Айтпаев