Білім

“Ауыл-ел бесігі” жобасы аясында Жамбыл ауданында 2 мектеп жөндеу көрді

Жамбыл ауданында “Ауыл-ел бесігі” жобасы аясында жөндеу көрген қос мектептің бірі – Троицк орта мектебі. 75-ші жылы ашылған нысан соңғы рет 18 жыл бұрын бір жаңартылыпты. 3 қабатты нысанда қазіргі уақытта небәрі 86 оқушы оқиды. Мектеп директоры Алма Мухинаның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында 122 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Мердігер – жергілікті “Заңғар ЛТД” серіктестігі. Нысан уақытында тапсырылыпты.

АЛМА МУХИНА, Троицк орта мектебінің директоры, Жамбыл ауданы:

– Күрделі жөндеу жұмысы кезінде барлығы ауыстырылып, жөнделді.

Небәрі 44 оқушысы бар Украин орта мектебі де “Ауыл-ел бесігінің” арқасында өзгеріп сала берді. Мектеп жанындағы шағын орталықта да бала саны көп емес, 15-ке жуықтайды. 36 жыл бұрын ашылған білім ұясында бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмепті. Биыл ел қазынасынан 85 млн теңге бағытталып, нысанның кәріз жүйесі, шатыры мен терезелері ауыстырылған.

ШЫНАР ДАНИЯРОВА, Украин орта мектебінің директоры, Жамбыл ауданы:

– Жылда ағымдық жұмыс атқаратынбыз. Бірнеше жыл болды осындай жұмыс жүргізілмегеніне. Қаладан, ауданнан алыс тұрамыз. Қазіргі кезде 144 терезе орнатылып, шатарымыз ауыстырылды.

Жалпы, Жамбыл ауданында 29 мектеп бар. Барлығын қоса алғанда оқушы саны 2 жарым мыңнан асады. Ауданда биыл 6 мектепке 70 млн теңгенің жиһаз-жабдықтары сатып алынған.

ЭЛЬДАР ШУМЕКОВ, Жамбыл ауданы білім бөлімінің басшысы:

– Сыныптарға жаңа жиһаздар алынды, спорттық жабдықтар және т.б. дүниелер алынды. Оған облыстық бюджеттен 70 млн теңге қаржат берілді.

Биыл облыста «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 4,3 млрд теңгеге 49 мектеп күрделі жөндеуден өткен.

 

Гульден Симбаева