Қоғам

Елде 220 мыңнан астам көлік заңдастырылды

Елімізде 220 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Бұл мәліметпен Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев бөлісті. Астанада өткен брифинг барысында жарты жылға созылған науқанның қорытындысы шығарылды.

ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

– Заңдастырылған көліктер – ел аумағына өткен жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін әкелінген машиналар. Қылмыстық іздеуде болмаған және кедендік рәсімнен өткен автокөліктер. Заңдастыру барысында бірнеше проблемалар болды. Біріншісі, қосалқы бөлшектер түрімен әкелінген автомобильдерді қазақстандық есепке қоюға рұқсат етілді. Нақтылай кетсек, осы қосалқы бөлшек түрінде әкелінген көліктердің 17 мыңға жуығы есепке алынды.

Ал Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінде есептен шығарылмаған автомобильдер әзірге уақытша түрде заңдастырылады. Мұнын себебін баяндай кеткен жөн. Еліміздегі кейбір азаматтар темір тұлпарларын өзге елдердің есебінен шығара алмапты. Бұны аңғарған билік емін-еркін қатынауға 5 жыл беріп отыр.

ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

– 2022-ші жылдың 1-ші қыркүйегінен кейін елге 124 мың көлік кіргізілген. 95 мың көлік иесі заң талабын түсініп, көліктерін заң жүзінде тіркеуге қойған.

Ал қалған 30 мыңға тарта көлік иесі ешбір заңға бағынбай, алымдарды төлемеген.

ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

– Заңдастыру мерзімі 1-ші шілдеге дейін жалғасатынын бірнеше рет хабарладық. Көлігін заңдастырып үлгермесе де кейбір жандар заңдастыруға өтінімді 1-ші шілдеге дейін беріп үлгерді. Қазір 15 мың жанның өтініші қаралып жатыр. Құжаттар мен көліктерге қатысты ешбір мәселе туындамаса, машиналар заңдастырылады.

Бұған құлақ аспаған жан 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Ал екінші мәрте мамандардың назарына ілінсе, көлігі айып тұрағына қойылады. Бүгінде әкімшілік жауапкершілікке 2 мың жүргізуші тартылған.

 

Алдияр Айтпаев