Денсаулық сақтау

Өңірлік медицина қызметкерлері республикалық спартакиадада бас жүлде иеленді

Өңірлік ақ халаттылар республикалық спартакиададан бас жүлдені қанжығалады. Жергілікті жедел жәрдем бригадасы Семей қаласында өткен республикалық жарысқа қатысып қайтты. Еліміздің 20 емдеу мекемесінен жиналған абзал жандар 2 күн қатарынан күш сынасты.

ЮРИЙ БЕЛОНОГ, облыстық жедел медициналық көмек орталығының директоры:

– Негізі, бұл жарыс жыл сайын ұйымдастырылады. Мақсаты – жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын жетілдіру. Тапсырмалардың ешқайсысы таңсық емес, күнделікті өмірде орын алатын жайттар. Біздің мамандар барлығынан мүдірмей өтті.

Әр команда 3 адамнан тұрады. Қаламыздың намысын бір дәрігер мен екі фельдшерден құрылған топ қорғап қайтты. Бәсекелі додаға жерлестеріміз 1 ай дайындалыпты. Олар жедел коронарлық синдром, полижарақат, жаңа туған нәрестені реанимациялау, үйде босандыру және шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша сынға түсті. Дастан Оразаев – жеңіске жетуде бағыт-бағдар беріп отырған топ басшысы.

ДАСТАН ОРАЗАЕВ, облыстық жедел медициналық көмек орталығының дәрігері:

– Тапсырмалар шынайы жағдайға сәйкестендірілген. Аз уақыттың ішінде барлығын орындап шығу керек. Команда ретінде үйлесімді жұмыс істедік. Қасымдағы фельдшерлер Әсет Қасенов пен Вадим Бойко менің назардан жіберіп алған жайттарды есіме салып, жауапкершілік таныта білді.

Мұндай жарыстарға қатысу үшін өзіңді суда жүзген балықтай сезінуің керек дейді Дастан Оразаев.

ДАСТАН ОРАЗАЕВ, облыстық жедел медициналық көмек орталығының дәрігері:

– Мен өзім Қарағанды қаласындағы медициналық университеттін тәмамдағанмын. 6 жылдық тәжірибем бар. Осы уақыттың ішінде біраз нәрсені үйрендім. Ақ халаттылардың бойында ширақтылық басым болғаны дұрыс деп ойлаймын. Дегенмен, мұқияттылықты да ұмытпау керек. Осындай жарыстар біздің біліктілігімізді арттыруға септеседі, ары қарай өзімізбен жұмыс жасауға ықпалын тигізеді.

Жыл сайын өткізілетін спартакиадаға қатысушы командалардың саны әдеттегіден көп. Қатысушылардың жұмысын медицина саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Теріскейлік жеңімпаздар кубок пен диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Акжунис Мухатай