Балалар

Балаларға арналған жазғы академия жұмыс істеуде

Петропавлда балаларға арналған жазғы академия 12-ші маусымнан бері жұмыс істеп жатыр. Қазір – 3-ші маусым. Әр кезеңнің бағдар-бағыты мен қызығы мол. Алдыңғы маусымда технология мен қолөнердің сыры ашылса, бұл жолы табиғаттың қызығы ақтарылмақ. Тақырыбы да сәйкесінше “Бионик” деп қойылыпты.

Бұл маусым 7 мен 14 жас аралығындағы 100-ден аса баланы қамтып отыр. Сол балалар бүгінгі күнді де ақпаратқа толы түрлі ойындармен өткізуде. Бойларын алғашқы сайыстардың бірі – “Егінді жина” ойынымен жазды. Барлығы 6 топқа бөлінген балалардан бір-бір адамнан шығып, жеміс немесе көкөніс теруден жарысады. Қаншалықты көп жинаса соншалықты ұпай қосылмақ.

Академияға қонақ бүлдіршіндер де келіпті. Айша Қасымова Елордадан туыстарына қыдырып келген екен.

АЙША ҚАСЫМОВА, үйірмеге қатысушы:

– Бұл жердегі жетекшілер ойындарды қызықты қылып өткізеді. Мүлдем ішіміз пыспайды. Уақыт тез өтіп кетеді. Осы жерден де жаңа достар таптым. Жыл сайын келетін боламын.

Кейін балалар ребус шешіп жарысты. Ойлану үшін де уақыт берілді. Қазылар алқасына өз жауаптарын ұсысынып, балл көрсеткіштері есептелді. Тапқырлықтары бір-бірінен асып түсетін командадан жеңімпазды анықтау да оңайға түспеді. Барлығы әділ болу үшін балалар қосымша тапсырма орындады.

Ашылғанына 5 жылдың жүзі болған “Жазғы мектепке” Адия Қабдирова 2-ші жыл қатарынан келіп жүр. 9 жастағы жеткіншекті анасы жіберген екен.

АДИЯ ҚАБДИРОВА, үйірмене қатысушы:

– Жазға академия – “Бионик” өте ұнап жатыр. Себебі, мен бұл жерде жаңа достар таптым. Сонымен қатар, жаңа нәрселер үйрендім. Фотосессия да бар. Әртүрлі химиялық заттар жасадық. Өзім Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде оқимын.

Жазғы академияда балалардың жан-жақты дамуы үшін түрлі сабақтар ұйымдастырылады. Келесі 4-ші маусымда бүлдіршіндер шет тілін үйренуге мүмкіндік алса, 5-шісінде информатика бойынша білімдерін шыңдайды екен.

ЛАРИСА ВОРОБЬЕВА, Оқушылар сарайының ғылыми-биологиялық реттеу бөлімінің меңгерушісі:

– Балалар сабақтарға барлық бағыттар бойынша қатыса алады. Дегенмен, әр маусым әртүрлі уақытты қамтиды. Бір бала барлық маусымға қатысса да өз еркі. Барлық салада өзін тексеріп көргеннен кейін балада ғылымның бір саласына деген қызығушылығы туындайды, оны әрі қарай дамытқымыз келеді.

Жалпы, бұл сауықтыру тамыз айының ортасына дейін жалғасады. Соңында балалардың ата-аналарын шақырылып, іс-шара өткізілмек. Сайыстың соңында әр топтың капитаны дипломмен мараппатталды. Естелікке суретке түсті.

 

Акжунис Мухатай